5.08.2020, 10:59
Қараулар: 147
Теміржолшылар династиясы

Теміржолшылар династиясы

Тіршілігі теміржол торабымен біте қайнасқан, темірдей тәртіпке бағынған Кужиевтер әулеті шыңғырлаулықтарға жақсы таныс. Себебі, тамыры тереңге бойлап, бақ дарыған бұл әулеттің әр мүшесі ел экономикасының күретамыры саналатын күрделі салада еңбек етеді. Елбасы айтқан нағыз еңбек адамын осы әулеттен табасыз. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп, өнегемен өріліп келе жатырған отбасының теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі-305 жыл.

Облысымыздағы темір жол торабының құрылуына үлес қосқан әулеттің ең үлкен атасы Алдамжар Кужиев Успешный темір жол тармағында 1932-1953 жылдары жол монтеры болып қызмет еткен. Өзінің жалғыз ұлы Өтепберген де әке жолына түсіп, мәртебелі мамандықта 1953-1993 жылдар аралығында еңбек атқарған. Кейін 1993 жылы дертке шалдығып, мезгілсіз қазаға ұшырап, өмірден өтеді. Артында зайыбы Залиха анамыз бен алты ұл, бір қызы қала берген. Жалғыз ананың жанында қалып, әкеден ерте айрылған  марқұм Өтепбергеннің соңынан қалған ұрпағы әке атына кір келтірмей, өжет әрі еңбекқор болып ер жетіп, бүгінде әр қайсысы бір шаңырақтың тұтқасына айналып отырған жайы бар. Алты ұлының алтауы да мамандықтарын темір жол саласымен байланыстырып, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жатыр.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, біз бала кезімізден атаның өнегесін естіп, әкенің мамандыққа деген махаббатын көріп өстік. Балалығымыз шойын жолдың бойында өтті. Тепловоздың гудогі, темір доңғалақтардың гүрсілі бала кезімізден құлаққа таныс. Мен тұңғыш ұлы болғандықтан оқушы кезімнен-ақ әкеммен бірге еріп жүріп, жазғы демалыстарымда темір жол құрылысына қолғабыс еттім. Успешный разъезінде мектеп болмағандықтан теміржолшылардың балалары Ресейдің Цвелинг қаласының мектеп-интернатында жатып оқитынбыз. Он жылдық мектепті тәмамдап,  1983-1985 жылдар аралығында Германияда Эдер Цвайленд қаласында әскери борышымды өтеп келдім. Кейн әскерден келе сала сол жылы Ақтөбе қаласындағы «Ақтөбе темір жол транспорты» колледжіне түсіп, «Жол сапар шаруашылығы» мамандығы бойынша білім алдым. Мамандық таңдап отыру деген менде болмады.Себебі, болашағымды немен байланыстыратыным мен үшін айқын еді.  Алғашқы еңбек жолымды 1985-1996 жылдар аралығында Успешный разъезінен бастап, 1996-2006 жылы Тузова разъезінде жол шебері мамандығы бойынша қызмет еттім. Кейін жиырма бір жылғы еңбегім еленіп, қызметімнің жоғарылауына байланысты 2006 жылы Орал теміржол дистанциясының «Қазақстан» станциясына ауыстым. Міне күні бүгінге дейін осы жерде еңбек етіп келемін»,- дейді отбасының үлкен ұлы, «Қазақстан» станциясының жол шебері Сағынғали Кужиев.

Сағынғалидың өзінен кейінгі бес бауыры да бабасынан негіз тартқан ата кәсіптің тізгінін ұстап, тағдырлары теміржолмен біте қайнасып жатыр. Мәселен, Скрікқали Кужиев Атырау темір жол желісінің полиция басқармасының полковнигі қызметін атқарса, Руслан Ақтөбе жүк тасымалдау бөлімінің Шыңғырлау станциясының кезекшісі, Төлеген Шыңғырлау станциясының теміржол бригадирі, Нұрлан жол монтері, кенже інісі Рашид пен келіні Әлия Ақтөбе теміржол дистанциясының жолсерігі қызметін атқарады.

«Әр үйдің ерекше қастерлейтін отбасылық жәдігері болады деп ойлаймын. Біздің шаңырағымыздың төрінен орын алған отбасының құнды дүниесі-әкем Өтепбергеннің маңдайының тері сіңген, жұмыста тұтынған бас киімі. Көненің көзіндей сақталған құнды жәдігерді отбасымызбен төрт көзіміз түгел жиналғанда  балаларымызға, немерелерімізге көрсетіп, әкеміз жайлы естеліктерді айтып, өнегелі өмірін үлгі етіп отырамыз. Басымыздың бірлігін бекемдеп, отбасымыздың құндылығын көзінің қарашығындай сақтап отырған анамызға мың алғыс. Жан серігінен айрылып, жалғыз  қалса да, жеті баласына жетімдік көрсетпей, әкемнің аманатына адал болды. Шешемізге деген құрметіміз ерекше»,-деп тебіренді қара шаңырақтың қазығы болып отырған Нұрлан Кужиев.

Рас, бұ дүниедегі ананың перзенті үшін жасаған жақсылығын бүтіндей өтеу мүмкін болмас. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін де абзал анадан артық ешкім білмейді ғой. Содан да болар, «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, алты ұлдың арасындағы жалғыз қыз Венераның мамандығын темір жолмен байланыстырғанын ана жүрек қаламады. Сірә, нәзік жанды қыз баласына үнемі жолда жүретін түздің жұмысы қиынға соғады деп ұйғарған болуы керек. Ананың ақылын тыңдаған Венера  мамандығын темір жолмен емес, ұстаздықпен байланыстырған отбасындағы жалғыз жан. Ол өзінің балалық шағын былай еске алады: «Мен үйдегі жалғыз қыз болсам да алдыңғы ағаларыма еліктеп, еркекшоралау болып өстім. Ағаларымның қасынан қыл елі қалмайтынмын. Қайда барса да еріп жүрем. Кейін бойжете келе оқуымды аяқтап, теміржолшы болуды мен де көздеген болатынмын. Алайда, анам бұл мамандықтың қыз баласына жат екендігін алға тартып, менің мұғалімдік жолды таңдағанымды қалады. Ол кезде де мұғалім болу үлкен абырой тұғын. Сөйтіп, анамның бір ауыз сөзіне көніп, мен Атыраудағы Х. Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетіне түсіп, тарих және құқықтану мамандығы бойынша білім алдым. Кейін тағдырдың жазуымен, теміржол саласында қызмет ететін азаматты жолықтырып, отбасын құрдым. Қазір анама «Өзім теміржолшы болмасам да, есесіне теміржолшының жарымын» деп қалжындап қоямын»,-дейді Венара әзіл-шынын араластыра.

Әкеден балаға мұра болып қалған мамандықты бүгінде Өтепбергеннің немере-жиендері де жалғастырып, осы саланың жүгін абыроймен арқалап келеді. Немерелері: Темірлан Өтепбергенов Орал темір жол дистанциясының Шыңғырлау станциясының жол монтері, Жасұлан-Орал сигнал беру және байланыс дистанциясының «Қазақстан» станциясының электр-механигі, Расул-Орал сигнал беру дистанциясының ІІ байланыс учаскесінің электр-мантері болса, жиені Эльвира Аманова-Ақтөбе жүк тасымалдау бөлімінің «Бештамақ» станциясының станция кезекшісі қызметінде. Тіпті әулеттің күйеу бала, келіндері де осы саладан алшақ емес болып шықты.

«Мен әкеме қарап бой түзеймін қашанда. Өйткені, әкемдей азамат болғым келеді. Мектепте мұғалімдер «өскенде кім боласың?» десе «Теміржолшы боламын» деп мақтанышпен жауап беремін. Ол үшін көп еңбектену керек. Денемді шынықтырып, оқуымды үздікке бітірсем, менен болашақта жақсы теміржолшы шығатын болар»,- дейді әулеттің кенжесі Рашидтың ұлы, төртінші сыныпта оқитын Амир.

Міне, біз ұққан ұрпақ сабақтастығы-осы. Темірдей тәртіпке бағынып, ел игілігіне қызмет қылып келе жатырған Кужиевтер әулеті бүгінде теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп, берекелі ғұмыр кешіп отыр. Алдағы тамыз айының алғашқы жексенбісі — көлік саласы қызметкерлерінің төл мерекесі. Ендеше, мереке қарсаңында біз де барлық теміржолшыларға алғыс білдіре отырып, істеріне береке, отбасыларына мереке тіледік!

Самат БАЙБОЛАТ