6.08.2020, 11:04
Қараулар: 140
Республикаға жолдама алды

Республикаға жолдама алды

Білім беру саласында қалтқысыз қызмет етіп, биік белестерді бағындырып жүрген аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің қызметкерлері биыл да өздерінің кәсіби біліктілігін дәлелдеп отыр. Күні кеше әдістемелік кабинеттердің сапалы кәсіби-педагогикалық орта құрудағы шығармашылық бастамаларын анықтау және қолдау мақсатында Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының  ұйымдастыруымен өткен республикалық «Үздік аудандық/қалалық әдістемелік кабинет» атты сырттай байқауының облыстық кезеңіне қатысып, аудандық әдістемелік кабинет қызметкерлері І орынды жеңіп алды.

«Елде орын алып отырған жаман індетке байланысты байқау сырттай өткізілді. Байқауға бізден бөлек тоғыз ауданның жұмысы ұсынылып, бақ сынаған болатын. Үш кезеңнен құрылған байқаудың әр кезеңіне бұған дейін өз тәжірибемізден өткен, нәтижелі жұмыстарымызды ұсынуға тырыстық. «Педагогтерді әдістемелік қолдау бойынша жоба» кезеңінде  педагогтерге әдістемелік көмек беру мақсатында 2016 жылы ауданымызда бастау алып, төрт жыл ішінде өзінің оң нәтижесін беріп үлгерген «Әдістемелік десант» атты авторлық жобамызды қорғадық. Бұл жобаның бір ерекшелігі- мектеп қабырғасында еңбек етіп жүрген әр мұғалімнің қабілетін ескере отырып, оларға өз пәнін сапалы жүргізу бойынша әдістемелік көмек көрсету. «Әдістемелік кабинет меңгерушісінің шеберлік сабақ форматындағы бейнеконтенті» кезеңіне кабинет меңгерушісі ретінде өз әдіскерлеріммен бұған дейін жүргізілген жұмыстарымды жинақтап, «Өзін-өзі дамыту: Мақсат. Жоспарлау. Нәтиже» тақырыбында бейнеконтент әзірледік. Үшінші «Инновациялық қызмет туралы шығармашылық есеп» кезеңіне мұғалімдерімізге бағыт беру, инновацияларды қабылдаудың қиындықтарын еңсеруге байланысты әдістемелік кабинет мамандарымен бірлесіп әзірлеген «Ментор-бинар», «Free talking», «Healthy life», «Шексіз мүмкіндік» атты жаңа жобаларымызға кеңінен тоқталып, олардың актуальдылығына шолу жасадық. Орайы келгенде айта кетейін, аталған жобаларымызды бұған дейін республикалық вебинарларда қорғап, әріптестеріміздің оң бағасын алған болатынбыз. Міне осындай еселі еңбегіміз еленіп, байқауда біздің ауданның жұмысы үздік деп танылғаны үлкен мәртебе, әрине»,-дейді аудандық әдістемелік кабинетінің меңгерушісі, өз саласының кәнігі маманы Мәнсия Сакиева.

Бүтін ұжымның бірлігі мен жаңалықты жатсынбай қабылдап, үнемі ізденісте жүретін білікті әдіскерлердің арқасында қанжығаға байланған олжалы орын республикада да өзінің оң нәтижесін беретіндігіне бек сенімдіміз. Ендеше, іске сәт!

 

Самат СЕРГЕЙҰЛЫ