20.03.2020, 11:14
Қараулар: 96
Оқырман отбасылар байқауы

Оқырман отбасылар байқауы

Отбасылық оқу дәстүрін қалыптастыру арқылы жас ұрпақты кітап оқуға тарту және дәріптеу, отбасылық оқу мен отбасылық бос уақытты ұйымдастыру, жас отбасылардың шығармашылық қабілетін байқау, оқырмандардың әдеби кітапқа құштарлығын арттырып, оқыған кітаптары арқылы рухани тәлім-тәрбие беру-аудандық орталық кітапхананың басты бағыты. Жуырда осы ұжым «Оқырман отбасы-2020» тақырыбында байқау өткізді. Байқау төрт кезеңнен тұрды: Бірінші таныстыру кезеңінде байқауға қатысушылар отбасы мүшелерімен және сүйіп оқитын кітаптарынан көрме ұйымдастырып таныстырды. Бұл кезеңде Жанакашевтер отбасы өздерінің жеке кітапханасынан әкелінген анықтамалықтар және мотивациялық басылымдарымен таныстыра отырып, мәдени оқу дағдысы қалыптасқан, отбасылық оқу тәжірибесі мол жанұя екендігін дәлелдеп ерекшеленді. Кейінгі әдеби бәйге кезеңінде әр отбасы ұяшықтардағы сиқырлы сандарды таңдау арқылы сұрақтарға жауап берді. Ал байқаудың үшінші-үй тапсырмасы кезеңінде қазақ ауыз әдебиетінен көрініс көрсетілуі көптің көңілінен шықты. Байқаудың соңғы «BOOK SLAM» деп аталатын кезеңінде барлық отбасылық командаларға Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты кітабы беріліп,олар шығармадағы үзіндіні өздерінің шығармашылық қабілеттері арқылы спорт және музыкалық құралдардың көмегімен жарнамалап берді.

Байқауға Ащысай модельді ауылдық кітапханасы, Ардақ, Ақбұлақ және Сегізсай ауылдық кітапханасынан 5 оқырман отбасы қатысып, өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін сынады. Байқау қорытыңдысы бойынша қазылар алқасы отбасыларға өз бағаларын беріп, I орын Жанакашевтар отбасына, II орын Сюндиковтар отбасына, ал III орын Сапаровтар отбасына берілді. «Үздік креативті отбасы» аталымымен Мұхамбетжановтар, «Рухани бай отбасы» аталымымен Рақымжановтар отбасы марапатталды. I орынға ие болған Жанакашевтер отбасы Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасында өтетін «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы – 2020» облыстық отбасылық шеруіне жолдама алды.

 

Назым АЙҚЫН