11.02.2020, 11:21
Қараулар: 296
Айым болып тудың ба немесе әжелер әлдиі

Айым болып тудың ба немесе әжелер әлдиі

Халқымызда әлімсақтан немереге деген ата-әженің ықыласы ерен. Өзі жемегенді немересінің аузына тосып, дүниедегі небір асыл теңеулерді соған арнап, жанын қиюға даяр болу тек біздің қанымызда ғана бар шығар. Той-томалаққа барса да: «немереме алайыншы» деп қалтасына тәттілер салып алатын, базар араласа да «немереме мына ойыншықты алсам қуанып қалады-ау» деп бағасына қарамай зейнетақысын түгелге жұмсап қайтатын да солар. Сәби шырылдап жерге түсісімен етегіне орап алып «менің балам, шаруаларың болмасын, тегі» деп жекеменшіктеніп алу да біздің салтымызда. Бесіктегі қыңқ еткен сәби әжесінің мейірімге толы әлдиін ести сала балбырап ұйқыға батар еді.

Ал, әже әлдиіндегі әлем ше, ол тұнып тұрған салт-дәстүр, әдет-ғұрып. Қара өлеңге негізделген әже әлдиі әлемдегі ең әдемі ән. Әже әлдиі-қазақ халқының болмысындағы жазылмаған шынайы оқулық,  қасиетті ілім. Әженің тәлім-тәрбиесін алған қазақтың біртауар азаматтары терең білімді, жан-жақты әрі ерекше сұңғыла болып өскенін тарихтан білеміз. Халқымыздың өмірден ерте ағып өткен жарық жұлдызы Шоқан Уәлихановтың әжесі  Айғаным Сарғалдаққызы оның қайталанбас тұлға болып өсуіне ерекше үлес қосты. Қаршадайынан ерекше сенім артып, ілім-білімге жетелеп, жалпы сол әулеттің басты тірегі, халқының сенімін ақтар перзенті болып өсуіне ерекше ықпал етіп, жауапкершілік ұғымын болмысына сіңіре білді. Айғанымның «Шоқан» деп еркелетіп атауынан ол халқының жадында «Шоқан» есімімен мәңгілікке жатталып қалды. Ұлы Абайдың әжесі Зеренің оның ақындық тұлғасының қалыптасуына сіңірген еңбегін кез келген көзі қарақты жан біледі. Кішкене кезінен әжесінің тізесіне басын қойып, небір ертегі, аңыздарды көкірегіне құйып, зердесіне сіңіріп өскен Абайдың басқаша қалыптасуы мүмкін бе еді? Зере әжесінің даналыққа толы кең жүрегі, ақылы мен көрегенділігінің ұшқыны бала Абайдың да жас жүрегіне бойлай сіңіп, ел ертеңін жоқтар, әлсізге қорған, жетім-жесірге жұбаныш бола білуіне бағыт бергенінде сөз жоқ. Әжесі арқылы халқымыздың мол мұрасынан нәр алған, жүрегінде ізгіліктің шырағын жаққан Абай осылай қарашаның сөзін сөйлеп, қарапайымдылықтың үлгісін көрсете білгенді  Ал, сол Абайды бізге танытқан атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің әжесі Дінәсілдің алты жасар Мұхтарды Абайдың ауылына апаруы оның болашақта Абай әлеміне деген қызығушылығын оятқанында сөз жоқ. Әжесінің бағыттауымен шешендік пен сөз зергерлікке ден қойған кішкене Мұхтар сол кездесуді мәңгілік жадында ұмытылмас оқиға ретінде сақтап қалғаны шындық.Ұлы жазушының  әдебиет әлемінде қалыптасуына терең із қалдырған осы кездесу оның «Абай жолын» жазуына түрткі болмағанына кім кепіл?

Жүректегі сырлы сезімнің суретін әжесіне арнаған, әлденеге қамыққанда да, ерекше қуанғанда да әжесімен ойша сырласатын Мұқағали Мақатаевтың  әжесінің есімі Тиын болыпты.

…Әже, сен бірге жүрсің меніменен,

Өліге мен өзіңді телімегем.

Ақ кимешек, көрінсе, сені көрем,

Ақ кимешек жоғалса… нені көрем?-деп сағынышқа толы жыр жолдарын жазған Мұқағали үйдің үлкені ретінде ата-әжесінің жекеменшігі болып өскен екен. Әжеге деген балалық махаббаты өле-өлгенше жүрегінде қалған ақиық ақынға сол асыл жанның қазасын естіртуге ағайындары қиналыпты. Содан жақын араласатын бір жолдасы арқылы қолқа салса, әлгі шіркін, орысша тәрбиеленген біреу екен, екі-үш рөмкені қағып алып қаннен-қаперсіз отырған Мұқағалиға «Әжең өліпті» деп төбеден қойып қалғанда ақын сілейіп отырып қалған екен.

 Иә, әжелердің әлдиін естіп өскендер ғана есті болады дегелі отырғанымыз жоқ. Бүгінгі таңда бесік тербетіп, әлди айтатын әжелер саны көп емес екендігі де рас. Ертеректе жасы 40-қа келген, басына ақ орамал тартқан орта жастағы апалар бізге қарт көрінер еді, жасы үлкен кісі деп сыйлайтұғынбыз. олар сол салмақты болмыстарымен, басындағы ақ жаулықтырымен жасынан егде көрінетін. Бүгінде 60-70-ке келген әжелерге қараңызшы, қас-кірпіктері түзелген, шаш-тырнақтары боялған, қолдарына небір әсем сөмке ұстап, малынып әдемі киінген әжелерді көргенде «қой бұларыңыз осынша жасқа келгендерге ұқсамайды ғой» деп таң қалысып қаламыз. Біздің ұғымымыздағы әжелер болмысы көзінен ерекше жылылық төгілген, камзол-көйлегі келіскен, басындағы ақ жаулығы анадайдан көз тартатын, қалтасында құрт-кәмпиті жүретін жандар болатын.  Заманның озығы бар, тозығы бар, бүгінгі заманауи әжелердің осылай жүргені де дұрыс шығар, бәлкім.  Десек те, бүгінгі уілдеп дүниеге келген бөбектерге бесік жырын айтар әжелер қайда деген сауал көкейімізде қылаң беріп қалатыны бар. Тіпті бүгінгі әжелер «Бесік жырын» білеме ме екен деген ойға да шомасың.

Қазақ ауыз әдебиетінде бесік жырының  түрі көп.

Әлди, әлди ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем.

Быламыққа май құйып,

Төңкерме қып берейін.

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем,

Бурыл тайға мін, бөпем,

Ақ қызы бар ауылдың,

Балпақ, балпаң үйіне,

Бұрала барып түс, бөпем!

Қаз-қаз балам, басарсың,

Сүтке суды қосарсың.

Тал шыбықтан ат мініп,

Балдырған мылтық асарсың,-міне, осылайша кете береді. Қандай әдемі теңеулеп, қандай мейірімге толы сөздер!

Біртауар ақындарымыз да немерелеріне арнап бесік жырларын жазып кеткен. Айталық,

Ұйықтасын деп бөбегін,

Домбыраның қос ішегін.

Жамбыл бабаң қағады,

Қаққан сайын өлеңі,

Бұлақтайын ағады,-деп Жамбыл жырласа,

Әлди, әлди ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем.

Құнан қойды сой, бөпем,

Құйрығына той, бөпем!-деп Мағжан Жұмабаев бөбектерді жұбатқан екен.

Әлди, әлди, әлпешім,

Ұйықта деймін, ұйықтайсың,

«Мә-мә» берсем қайтесің,

Ұйықта десем, ұқпайсың,-деп Қасым Аманжолов немересін тербеткен.

Әлди, әлди ақ бөпем,

Ақ бесікке бөледім,

Ай мен күнге теңедім,

Ақтарылған өлеңім,- деп Асылбек Абдрахманов еркелетеді.

Әлди, әлди немерем,

Мен өзіңмен көгерем.

Жалықпаймын күн бойы,

Қызығыңа кенелем.

Әлди, бөпем, әлди-ай,

Тыңдай берші, ән-күйді-ай!

Бір өзіңді жыр етіп,

Әжең тыным таппайды,

Өссін деп сен ержетіп.

Әлди, бөпем, әлди-ай,

Тыңдай берші, ән-күйді-ай!

Құшайын мен иісіңді,

Ақ жүзіңнен сүйкімді.

Әлди, бөпем, әлди-ай,

Тыңдай берші, ән-күйді-ай!

Бейбіт өмір қыраны,

Солдат ағаң қырағы.

Шекараны күзетіп,

Кірпік қақпай тұр әне,

Әлди, бөпем, әлди-ай,

Тыңдай берші ән-күйді-ай!

Астық жиған еңіске,

Әкең кетті егіске.

Күліп-ойнап жата ғой,

Тамағыңды сен іш те.

Әлди бөпем, әлди-ай,

Тыңдайц берші ән-күйді-ай!

Шешең қазір келеді,

Аймалайды, өбеді,

Мазаламай тыныш жат,

Шаруасы көп еді.

Әлди, бөпем, әлди-ай,

Тыңдай берші, ән-күйді-ай!-деп немереге арнап ән айтар әжелеріміздің арамызда әлі де бар екеніне сенеміз.

Айым болып тудың ба,

Күнім болып тудың ба?

Ата жолын қудың ба,

Ана жолын қудың ба?

Бұл дүниеге келген соң,

Сұрауы бар судың да,-деп Ескендір Хасанғалиев ағамыз тебіренгендей, немерелердің ертеңгі келешегіне ізгіліктің уығын қадайтын, бесік жырын айтып жұбатып,  ең бір асыл сөздерді арнайтын әжелер әуені бүгінгі таңда тағы бір өзгеше рең алып, құлпыра түссе,  соны айтар әжелеріміз көпке үлгі болса, шіркін!

Гүлшат Ибрагимқызы