29.09.2020, 10:48
Қараулар: 58
Күшмән кемпірдің ерлігі

Күшмән кемпірдің ерлігі

Бұл оқиға қызыл құмы сусылдаған, облыс пен аудан орталығынан алыста орналасқан кішкене ғана  шағын ауылда болған екен.

Бір үйдің кенжесі отау құрады. Сонау Қызылорданың қызы келін болып түсіп, керемет той өтеді. Ең тамашасы сол бұл қуаныш бір шаңырақ астында тұратын төрт ағайындының кенжесінің тойы екен. Той иелері бір ауладан  бірге өріп, бірге тұрып, ұрпақ өрбітіп, еңбектен тапқан адал асты қадір тұтқан, шаруалары да өрге жүзген отбасы. Мерейі шалқыған жанұяның төрінде шүйкедей қара кемпір отырады. Барша жұрт оған аса құрметпен қарап,  ақ тілекті соған үйіп-төгіп жатады. Аудан басшысы да, көрші ауылдың үлкен-кішісі де осы үйдің отанасы — шүйкедей қара кемпірге ерекше ілтипат танытады. Тойды жүргізуші асаба сөз сөйлеп, бүгінгі құрмет «Күшмәндай асыл әжеге!» деп сөз бастайды. Сөйтсе, бұл шаңырақтың тарихы өзге жанұяға қарағанда мүлдем өзгешелеу екен.

Басынан бастап айтсақ…  Алпысыншы жылдардың басында орыс көсемінің атын берген қазақ ауылы. Талай нәубетті бастан өткеріп, колхоз, совхоздың бар ауырпалығын да жетістігін де көріп отырған кезең екен. Жетістігі сол әр отбасында совхоз берген  бір-бір баспанасы бар. Совхоз құрылған бойда салып берген. Ауылдың үлкен-кішісі жаппай совхоздың жұмысын атқарып, еңбекақы табады. Кейде малмен, астық, отынмен төленіп, әйтеуір, сол ауылда нашар тұратын отбасы болмапты.  Мал бағып, трактор айдап, қырманға шығып,әйтеуір қол бос адам жоқ-ты.

Мамыражай тірлік кешкен ауылдың бір әсем кешінде ойда жоқта бір қаралы хабар бәрін дүр сілкінтеді. Бір жанұяның екі адамы-күйеуі мен әйелі аудан мен ауыл ортасындағы жолда көлік апатына ұшырайды. Өкініштісі сол, аударылған, әрі өртенген, қираған машинаның астында шалажаншар екеуін адамдар тек екінші күні ғана тауып алыпты. Бірақ, қан көп жоғалтқандықтан екеуін де өмірге қайтару мүмкін болмайды. Ауыл шетіне кіре берген сәтте бірінен соң бірі соңғы демдерін алып, көз жұмады. Артында үйемелі-сүйемелі төрт бала қалады. Қазаға қайғырмаған жан қалмайды. Қабырғалары қайысқан жұрт марқұмдардың  артыңдағы төрт баланы кімге қалдырдың деп қатты жылапты.

Тұлдыр жетім қалған балалардың ең үлкені 18, кішісі 6 жаста болған. Ата-ананы қара жердің қойнына тапсырып, құшақтарын жазбай еңіреген балаларды алыста тұратын туған-туыстары алып кетеміз  деуге дәті бармайды. Көрші-көлемге аманат етіп, жерлеу рәсімінен кейін елдеріне кете барыпты.

Адам аяғы саябырси бастағаннан-ақ көздері жәудіреген балалардың сағынышы үдеп, тіптен жүнжіп кетеді. Қолдан келер қайран жоқ, ауыл-ел сырттай күңіреніп, не істеуге білмей налиды. Совхоздың қос пәтерлі үйінің  жартысында тұратын жалғыз кемпір ғана күні-түні көмек етіп, ас-суын дайындап, мігір таппаған. Қораның артына барып тығылып жылайтын, әсіресе марқұмдардың  кенжесі көрген жанның көңілін елжіретеді. Аяныштан талайды есеңгіретіпті. Үй арасында үй жоқ, қабырғаның арғы жағында төрт жетім бала, бір жағында  жападан жалғыз тұратын қара кемпір. Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде дейтін шағы. Тың көтеру кезінде осы жерге тұрақтап қалыпты. Жалғыз баласы шешектен шетінеп кеткелі қашан. Қартайғанда енді қайда барайын, ел болып мені осында жерлерсіңдер деп кейде әзіл-шыны аралас көрші-көлемге жәймен ескертіп, айтып отырады екен. Көрші үйдің қайғысы оның да қабырғасын қайыстырып, қатты қайғырады.  Тіпті өзінің ыңқыл-сыңқылы мынадай жағдайдан кейін түкке тұрғысыз болғандай. Көршілерінің қайғысы еңсесін тіктетуге тура келгендей. Әрі ойлап, бері ойлап, Күшмән әже бір шешімге келеді. Мына балалардың да бұл жерде туысы жоқ, анау Семейдегі  туыстарына бармаймыз деп отыр. Жандарына менен басқа жақын жоқ, сірә, деп, ертеңіне белін тастай буып, ауылдың басқармасына келеді. Балаларды ешқайда өткізбеуін сұрайды. Шама келсе өзім қамқор болып, аяқтан тұрғызам, тек қажет кезде сен де көмек бер дейді. Және бір өтініші қос пәтердің арасын қосып бір үй етіп бер. Балалардың ас-суына, киіміне бір зейнетақым жетеді дейді. Балалардың жәйі не болады деп уайымдап жүрген ауыл басшысы, жерден жеті қоян тапқандай қуанып, қатты риза болады.  Тіпті әжейдің жасының үлкендігін де есепке алмапты. Сол күні-ақ балалармен сөйлесіп келісімдерін алады. Қос пәтерді бір күнде өзгертіп, арасынан есік ашып, жөндетіп те береді. Ертеңіне балалардың үлкенін совхоздың ескі тракторының руліне отырғызады. Ал тағы бір ұлды конторына «алып кел, шауып кел» қылып, жұмысқа кіргізеді.  Күшмән кемпір сөйтіп, бір күнде төрт ұлды болады.

Күндер өте береді. Өлмектің артынан өлмек жоқ, балалардың да көз жастары құрғап,  бір-біріне сүйеу болып, ержетеді. Арқа суытпай еңбек етуден жалықпайды. Кеште үйге келгенде алдарынан Күшмән кемпір шығып, маңдайларынан иіскеп, тәтті-дәмдісін алдарына тосады. Ешкімнен кем қылмай тәрбиелеп, мейірімін төгеді. Совхоз біршама қамқорлық жасайды.

Арада біраз уақыт өтеді. Күшмән кемпір балаларды ақылмен жұмсап, шаруаға араластырып,  өз алдарына еңбек етуге бейімдей бастайды. Ең алдымен еңбекақыларына  совхоздың ескі тракторын сатып алады. Ауыл шетіндегі иесіз қираған трактор тіркемесін, тырмаларды жинатып үйдің қасына әкелдіреді. Қу темірді жинап, мұнысы несі деп ауыл адамдары ерсі көреді. Күндердің күнінде сол сөзді айтқандардың өздері келіп, кемпірдің балаларынан тырмасын немесе тіркемесін алып, пайдасын көріп тұратындай болады.

Күндер өте береді. Иығы қушиған қара кемпір ұлдардың ең үлкеніне ауылдан қыз айттырып, келін алады. Кезек келгенде екінші ұлды да үйлендіріп, тойына совхоздан бір үйдің құрылыс материалдарын алады. Қарсы беттегі ескі үйді де өз ауласына қосып, аздан кейін үшінші ұлды да басын екеу қылып, сол  аулада шаңырағын көтереді.

Бала өспей ме, жарлы байымай ма, кеше ғана  буындары қатпаған балалар  шүйкедей қара кемпірдің қамқорлығымен қанаттары қатайған, жауырындары қақпақтай ер азамат болып, бір ауланың ішінде, бір шаңырақтың астында өмір сүреді. Уыздай ұйыған жанұя болып, табыс та береке-бірлік те осы отбасына тұрақтапты. Бертін келе  ауылдағы тіпті ауданда қора толы малы, қырда шабындық, жайылымы мен қолда барлық техникасы бар ең бақуатты отбасы болыпты. Береке бірлігі бар жерге келеді деген сөздің бекер еместігіне дәлел болады.

Бөтендігін көрсетпей, ана орнына ана, әрі пысықтығымен шаруаға бас көз болған Күшман әжені ел сыйлап, мадақ тұтыпты. Төрт ағайынды бір шаңырақ астында тұрып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай татулығын баршасы  үлгі етіпті. Айттырып, өзі таңдап алған үш келіннің үшеуі де ибалы сабырлы, ақылдылығымен жолдастарының да жұмыстарының алға жылжуына сеп болған.

Міне, сол бір буыны қатаймаған балаларды еңбек есейтіпті. Ал бауырына салып өз баласындай төрт ұлды өсірген әжейді аурудың өзі айналып өтіпті. Мүмкін, оның осы бір жетім деуге ауыз бармайтын балалар үшін ауадай қажеттігін ескеріп, Алла Тағаламыз жасын ұзақ қылған болар. Күшмән әжей 98-ге келіпті. Бұл көрші ауданымыздың бірінде болған оқиға болса да біздің жерлестеріміз естіп-білсін дедім. Кейде жақын туысыңның да қолынан келмейтіндей іс қылған кішкене ғана кемпірдің ерлігіне олардың да сүйсінгенін қаладым.

Өмір деген осы!

                                                                                    Жазып алған Айсұлу АРЫСТАНОВА