8.02.2020, 11:08
Қараулар: 127
Желтоқсан. 86. Ызғарлы күн…

Желтоқсан. 86. Ызғарлы күн…

1986 жылы Алматыда өткен Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы, жерлесіміз Қанатова Күлдаркан Желеубайқызымен жақында әңгімелесудің орайы келді. Күлдаркан апамен алдын ала хабарласып, жұмыс орнына іздеп бардым. Оңаша бөлмеде жарты сағатқа жуық әңгіме өрбіттік. “Айналайын, апаң арасында көңілі бұзылып, көзіне жас алып жатса ренжімессің. Желтоқсан оқиғасын көзіңе жас алмай айту мүмкін болмас” деп ескертті.

“Ол кезде жасым жиырма төртте. Нарынқол ауданының Сарбастау селосынан Алматыға келіп, қалалық   нөмірі 2 наубайханада қамыр илеуші болып қызмет етіп жүрген кезім. Жұмысты тәулікпен алмасып жасаймыз. 16 желтоқсан күні сағат таңғы 7-де бізді ауыстыратын бригада келді. Елде орын алып жатқан оқиғаны солардан естідік. “Жастар жаппай алаңға шығып, алаңда шеру басталып жатқан көрінеді. Көшеде жылт еткен көлік  жоқ. Жұмысқа жаяу келдік”,-деді бригадиріміз үрейлі үнмен. Біз де мұның арты неге апарып соғатынын елестете алмай үрпейісіп қалдық аяқ астынан. Міне, осыдан басталды бәрі”,-деп күрсінді кейіпкеріміз.

Сол қанды желтоқсанның 16-на оймен оралудың өзі қаншалықты қиен екендігі Күлдаркан апамыздың жас толы жанарынан, мұң толы қабағынан-ақ білінді. Жүрекке шор боп бітіп, көңілде айықпас дерт боп қалған ызғарлы желтоқсанның әр сәтін қорқынышпен еске алып, апамыз әңгімесін әрі жалғады.

“Жатақханамыз жұмыс орнымыздан он бес минөттік жер. Лезде барып киімімізді ауыстырып, жиналып сыртқа шықтық. Қасымда Павлодардан, Шымкенттен келген, қызметтес екі құрбым бар, үшеуміз алаңға қарай беттедік. Бізді ешкім мәжбүрлеген жоқ. Бар ойымыз қандас бауырларымызбен бірге болу. Алаңға шамаман күндізгі сағат 10-дарға таман жеттік. Ол жердегі көріністі сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Құжынаған халық. Түрлі оқу орындарының студенттері, завод-фабрикалардың жұмысшы жастары — бәрі-бәрі сол жерде. Ине шаншар орын жоқ. Қолдарында плакаттар, әр жерден “Долой Колбина” деген ашына шыққан дауыстар естіледі. Жағалай суша ағып жатқан қан.  Орталық Комитет үйінің жоғарғы қабатындағы терезелері ғана бүтін қалған, қалғанының бәрін сындырған. Алаңның  сау жері жоқ. Содан үш қыз бір-бірімізді мықтап қолтықтай ұстап, топ жастардың арасына кірдік те кеттік. Бар мақсатымыз қалай да Орталық Комитет үйіне кіру. Ол үйдің алдын қолдарында қалқандары, резеңке таяқтары, сапер күректері бар шлем киген солдаттар мен курсанттар үш қатар болып қоршап тұр. Алдыңғы екі қатар жер-жерден жиналған өзіміздің қазақ сарбаздары. Трибунаға шығып сөйлемек болғандарды бастарынан ұрып, қансыратып құлата салады. Ол аз дегендей, Комитет үйі жанында бес қабатты үйден орыстар төмен қарай шыны бутылкаларды лақтырады. Әлі көз алдымда, менің қасымда тұрған қазақ келіншегінің тастай тиген бутылкадан басы  жарылып, сол арада қан-жоса болып құлады. Ондайда таны-таныма жаныңдағы жаралыны сүйрелеп, шетке ығыстыруды ойлайсың. Көптің арасында араңдатушылар да аз болған жоқ. Олай дейтін себебім, милиция киімін киіп, қолдарына арматура ұстаған қазақтар да болды. Адамды адам құрлы көрмей, қолдарындағы темірлерімен сабап, қыздардың қол-аяғын сындырып, байғұстарды іштерінен тепкілеп, өлімші етіп ұрған, ол аз дегендей абыройын былғап зорлаған өзіміздің қандас жігіттерді көргенде ызадан булығып жыладық. Намысын нанға сатқан найсаптарды қарғадық.

Шынымды айтсам мен әлі сол кездегі жастардың қайсарлығына таң қалып, басымды иемін. Мұрны қанап, басы жарылып жатса да алаңнан біреуі кетпеді ғой. Қасқайып соңына дейін қарсы тұрды”,-деді апамыз жастардың жанкешті ерлігіне шынайы сүйсініп.

“Апа, бір топ жастарды көлікке тоғытып, аямай қоқыстың шұңқырына да лақтырыпты ғой. Сол жастардың арасында сіз де бар екенсіз. Ол қалай болып еді”,-дедік көңілге тиіп кетпес пе екен деген күдікпен кейіпкеріміздің ойлы жүзіне үңіліп.

“Ол рас, айналайын. Құдай куә. Сол алақандай алаңда қазақтың көрмеген қорлығы жоқ. Кешке қарай алаңға  өрт сөндіруші мәшинелер келді. Олар жастарды қақаған аязда ыстық сумен атқылайды келіп. Көз салып қараудың өзі қорқынышты. Айғай салған ащы дауыстар құлағыңды жарады. Бүрсеңдеп тоңа бастадық. Сөйтіп тұрғанымызда артымыздан қар күрейтін трактордың ковшына салып алып, артында үлкееен буткасы бар мәшинеге құм лақтырғандай “қотара” салды. Біріміздің үстімізге біріміз сапырылыса құладық. Солай үш ковш кісіні тиеп, қаланың сыртына тартты көлігіміз. Сағат түңгі екі жақын. Содан қоқысқа арнап қазылған терең шұңқырға қырыққа жуық кісіні төге салды апарып. Төкті де кетті қоқыс толы шұңқырға. Әрең дегенде есімізді жинап, бірімізді-біріміз демеп тұрғызып, әлгі шұңқырдан шығуға тырыстық.  Жап-жас жігіттер киімдерін жалғап, әуелі  сүйрелеп қыздарды шығарып, кейін өздері мықшыңдап шыға бастады. Бір бойжеткен құлағанда кісінің астында қалып қойып, мықтап мертікті. Сондада әлгіні қалдырмаймыз деп күртешеге орап, сүйрелеп алып жүрдік қалаға шейін. Байғұстың сөйлеуге мұршасы жоқ. Арасында “Маматай, маматай”деп үзіліп шыққан үнін естисің. Көшеде өлсең де көлік тоқтамайды. Содан не басыңды қатырайын, түңгі сағат 2:30-дан таңғы 5- ке жақын қалаға жеттік үсіп-тоңып. Манағы үш қыз жатақханамызға ұрланып кіріп, сырт кимдерімізді ауыстырып, жылына бастадық. Үстіміздің сау жері жоқ. Шұңқырға құлағанда қатты темір тиді ме екен, арқам қанталап ісіп кетіпті. Оны ет қызуымен байқамаппын. Құрбыларымның біреуі қолын жарақаттап алыпты. Содан алаңға барғанымызды ешкімге сездірмей  жарақаттарымызды жасырып жүрдік жұмыста. Басшылықтан біреу білсе, партиядан да, жұмыстан да шығарып жібереді. Ол кезде менің жасаған жұмысым өте жауапты қызмет болатын. Үлгілі қызметкер ретінде министрліктің құрмет тақтасында суретім де  ілулітұғын. Қызметімнен айырылып қалам ба деген қорқынышпен ешкімге сыр білдірмеуге тырыстым. Бір сырымды білген жан – Анастасия Акимовна деген бригадиріміз. Ол кезде ол зейнет жасында болатын. Соған ғана алаңға барғанымды, көрген қорлығымды түгел айттым. Ол да кісілігін көрсетті. Бір ай бойы арқамдағы жарамды таңып, емдеп жазды ( тыртығы әлі бар). Содан бәрі тынышталғандай болды ғой. Талай жастар оқудан қуылып, жұмыстан шығарылды. Қанша қазақ жазықсыз құрбан болды. Мен наубайханада 1990 жылға дейін жасап, тұрмыс құрып, Шыңғырлауға келін болдым. Құрбыларымнан да хат-хабар үзілді. Қазір өмірде бар ма, тұрмыстары қалай ол жағы өкінішке орай маған белгісіз.

Кейіннен білдік қой сол кездегі үкімет болған оқиғаны жасыру мақсатында күл-талқаны шығып жатқан көшелерді, аударылып жатқан көліктерді, үзілген-сымдар мен бұзылған ескерткіштерді бас-аяғы бір аптаның ішінде қалпына келтіріп қойыпты. Қанша айғақтар жойылды. Міне, содан күні бүгінге дейін желтоқсан оқиғасы өзінің толық бағасын ала алмай келеді әлі. Біздегі тілек біреу – Елдің тұтастығы бүлінбесе екен, Тәуелсідігіміз ғұмырлы болсын. Жаратқан амандығынан айырмаса екен“,- деп қорытындылады кейіпкеріміз әңгімесін.

Лайым солай болғай!

 

Самат Байболат