20.01.2020, 17:55
Қараулар: 87
Енді лайк баспаймын!

Енді лайк баспаймын!

Фейсбук дегенді алғаш игеріп алғанымда қуанғаным-ай! Әріптестерім өзіме бет ашып берді, ойыма не келеді соны жаза салам. Көрді де, жерді де әңгіме етем, пікірлер кетіп жатыр, оқып алып өзімді сөз зергеріндей сезініп қалдым. Содан бір күні қызметтестер: «Алма Алмасқызы, қашанғы лайк жинағанға мәз болып жүресіз, өзіңізде өзгелерге бір мезгіл лайк бассаңызшы»,-деді мені әжуалап. «Е, бопты, үйретсеңдерші, бүгіннен-ақ бастайын»,-дедім. Сонымен не керек, «мына жерге бассаңыз «ұнайды», мына жерге бассаңыз «мықты» деген» сұқ саусақ шығады, «мынау жақсы көрем дегеннің белгісі-жүрек» деп обалдары не керек, әжептеуір маған лайк басудан сабақ берді. «Ой, оп-оңай екен ғой, енді қатырамын, маған басқандарға мен де басып ризалап тастайын»,-дедім.

 

Содан көп ұзамай бүр күні қол боста Фейсбукке кіріп жаңалықтармен танысып, ұнағандарына қолым қолыма жұқпай жапырлатып лайк басып тастадым. Өзімді үлкен іс тындырғандай сезініп, көңілді жүрмін. Кешкісін үйде кәкір-шүкір шаруамен жүргем, телефоным шыр ете қалды. Қарасам, әріптесім қоңырау шалып тұр.

— Әлө, Алма Алмасқызы, қалайсыз?

— Ә, жақсы. Жайшылық па?

-Ой, сіз қатырғансыз ғой, Фейсбукты қарадыңыз ба?

— Жоға, оған не болыпты?-дедім аңтарылып.

— Апа-ау, сіз анау басшының суретіне «ха-ха!» деп лайк басқаныңыз не? Әріптесім күлкіден булығып сөйлей алмай жатыр.

-Ойбай, не дейді? Қайдағы басшы? Кімге, қашан?-дедім төбемнен біреу бір шелек мұздай су құйып жібергендей.

-Туу, апа, қараңызшы өзіңіз, анау басшының мақаласына солай деп лайк басқансыз. Өзіңіз кіріп қарасаңызшы,-дейді ол.

Мәссаған, ал керек болса. Өлетін бала молаға қарап жүгіреді деп. Екі бетім әп сәтте алаулап жүре берді, нем бар еді, лайк басып деп ұяттан қара терге түстім. Енді оны алып тастайын десем ол жағын маған қыздар үйретпепті. Сағат кешкі 7. Айнала әріптестеріме телефон шалайын, «өлтірмесеңдер, көмектесіңдер, солай да солай жасадым. Енді не істеймін?». Мәселенің мән-жайына қаныққан олар күлкіден домалап жатыр, біреуі жөнді кеңес бермейді, «өзіңіз кіріп алып тастайсыз, біз көмек бере алмаймыз»,- дейді. «Ойпырмай-ай, сол алып тастаудың жәйін білмей отыр емеспін бе, қалай түсінбейсіңдер, қазір көрген жұрт жалаулатып бәленше түгеншиевичке жеткізбей ме»,- деймін мен күйіп-пісіп. Содан не бастарыңды ауыртайын, өзімнің поролімді де білмеймін, әбден кеш болғанда маған Фейсбуктен бет ашқан әріптесім поролді әрең дегенде еске түсіріп, әлгі атың өшкір лайкты алып тастап, жаным тынышталды.

Ертеңіне жұмыста да сол жәйтты талқылап, біраз күліп алыстық «Мен олай басқан жоқпын, мүмкін емес» деп бой бермеймін, шынында да қалай басуым мүмкін, өзім де айран асырмын. Содан «лайк бассам енді, лайк болып кетейін»-дедім. Сол уәдеме тұрып, бір-екі ай Фейсбукке жоламадым. Қолым жыбырлап бірдеңелерді жазғым-ақ келіп жүр, оның үстіне әріптестерім де қызықтырып «Фейсбукке анау шығыпты, мәссаған, мынадай жаңалық болып жатыр екен, анау медаль тағыпты, мынау мына жаққа барған суреттерін салып қойыпты» деп қызықтырса да міз бақпадым.

Күндердің күнінде курстасымның туған күні еске түсіп Фейсбуктен үшбу сәлем жолдағым келіп кеткені. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді»,-деп қашанғы қорқып жүре берем деп, Фейсбукты ашып жіберіп, құттықтауымды жазып, тағы да оңды-солды лайктарды басып, әй бір рахаттанып қалдым.

Кешкі сағат 10, есінеп-құсынап ұйқыға бас қойғалы жүрмін. Ертең демалыс, әй бір көсіліп салып ұйқымды қандырайыншы деп қоямын өзіме. Кенеттен телефоным безілдеп ала жөнелді (негізі кеште телефон ойда-жоқта шырылдаса қорқып кетем). Жүгіріп барып қарасам, әріптесім. «Тыныштық па екен, әлде ертең аяқ астынан бір шара болғалы жатыр ма» деп қоямын.

— Әлө, қайырлы кеш, қалайсыз?

-Ә, рахмет. Ұйықтағалы жатырмын. тыныштық па?- дегенім сол еді, әріптесім сықылықтап ала жөнелді. «Не болды? айтсаңшы»,-деймін түкке түсінбей не күлерімді, не күлмесімді білмей.

— Апа-ауу, сіз осы қашан қоясыз, Фейсбукты тағы да оқсатыпсыз ғой, ана үлкен басшы мен сот өкілі отырған жиынға тағы да «ха-ха!» деп лайк басқаныңыз не? Онымен қоймай соңына лүпілдетіп жүрек қойыпсыз. Определитесь наконец, күліп отырсыз ба, әлде жақсы көресіз бе?- дейді есімді жия алмай тұрған маған одан әрмен әзілдеп.

— Қой, мен оларға лайк басқан жоқпын, тіпті көрген де емеспін, шыным сол, басқаным жоқ, қайдан шығып тұр сонда,-деймін мен есіме сол сәтті түсіре алмай ақталып. Қысылғанымнан маңдайым терлеп кетті, ойлай-ойлай кәдімгідей қызуым көтеріліп жүре берді.

— Оны енді сіз білмесеңіз мен қайдан білемін?-дейді әріптесіміз күлкіден булығып. Содан не керек, баяғы лайкты түнгі сағат 11-де жұмысқа барып, кабинетті ашып, көрші кабинеттегі интернет желісін қосу үшін қызметтес қызды шақырып, әбігерге түсіп, бір жағынан ұяттан жерге кіре жаздағанымды қалай жеткізсем екен?  Лайк басып отырған оң қолымды да столға ұрғылап қоямын «осының бәрін істеп отырған сен!» деп. Көз алдыма сол адамдардың: «Сіз бізбен ойнап жүрсіз бе, бұл не қылғаныңыз, дүйім жұрттың алдында «ха-ха!» деп лайк басып, онымен қоймай жүректі тағы басып»,- деп кінәлап жатқаны елестеп, жаным мұрнымның ұшына келді.

Ертеңінде де көшеде өзімнен өзім қуыстанып, жиынға барсам да басым салбырап, көзімді жерден көтере алмай қалғанымды қайтейін. «Әй, осы бір шапшаңдағым-ай, әуелі не басып отырғаныңды қарамайсың ба» деп өзімді өзім ұрсып, кәдімгідей уайым шектім. Орта жастан асқан біз сияқтыларға мұндай нәрселерден сақ болу керек екен-ау. Әйтпесе «лайк басып отырыңдар, бір-біріңмен бөлісіп отырыңдар» дегенге «мақұл» деп бас шұлғи саламыз.

Содан бері мен үшін Фейсбуктің беті тағы да жабылды. «Құрысыншы, сау басыма сақина тілемей, лайк басып, лайк жинамай-ақ та күн көріп едік қой, тыныш отырайын» деп шештім. Күнделікті шаруамды жсаймын, ештеңеге елең ете қоймаймын, тып тыныш , рах-а-ат!

Осы бәленің бәрі мені іздеп жүре ме, әлде өзім сондаймын ба тағы бір оқиғаны өзім сұрап алдым. Жұмыста отырғам, вацапқа хабарлама келді. Ашып қарасам ауылдағы бір таныс, «мүмкін болса тез арада Фейсбукке саласыз ба, өте қажет болып тұр еді»,- депті. Енді не істеймін, Фейсбукке жолаудың жәйі белгілі. Содан әріптесіме хабарласып, «қазір саған вацаппен бір хабарлама жіберемін, фотоларымен, соны жедел Фейсбукке сала қойшы, өтініш» дедім. Менің жәйімнен хабарлар ол бір күліп алып «жақсы» деді. Содан жаңағы хабарламаларды, танысымның жұмыс барысымен жүрген фотоларын жеделдетіп жіберіп тастадым. Жұмыс аяғын ала қызым хабарласып тұр: «мама, вацаптағы статустағы фотоңды өзгертіп тастапсың ғой, онда тұрған адамдар кім, біздің туысымыз ба?»,- дейді.

Түк түсінбеймін, қайдағы статус, қайдағы туыс, ал кеп вацапты ашып қарайын, әшейіндегі менің фотомның орнында манағы суреттер жіберген таныстың бір кісімен тұрған фотосы тұр. Шалқамнан түсе жаздадым, көзім алақтап кетті, әй, бұл қайдан жүр, мұны қалай мұнда қойып тастадым? Дым түсінбедім, әйтеуір  статустағы фотоны қалай ауыстырғанымды мың жерден миымды ашытып ойлансам да есіме түсіре алмадым. Қарасам, мәссаған керек болса, сол фотоны 33 адам қарап та үлгеріпті. Қысылғаным-ай, мұны көрген  дос-жарандар, жаңағы танысым не ойлады, әйелі, бала-шағасы көрсе не айтады. «Әй, ана кісінің статусыңда сен не істеп тұрсың?» ,-деп ашуына мініп тұрған келіннің бет-әлпеті көз алдыма келіп маңдайымнан шып-шып тер шықты. Қарап жүруге күш керек өзіме, құрысын сол фотоларды жіберіп отырып жүгірмек қолым жүгіріп қалай статустағы фотоны өзгертіп тастағанын мүлде түсіне алмадым. Содан, қызымнан бұл қалай кетеді енді деп сұрасам, менің «қызықтарымнан» хабардар ол «енді 24 сағат тұрады, мама» дейді. «Ойбай, не дейді, 24 сағаттың ішінде бұл танысымның жағдайы мүшкілденіп, таң атқанша келін екеуі айырылысып та кетер, құрысын алып тастайық»,- деймін мен жаным қыдырып. Мені біраз қинап алған қызым әйтеуір сол фотоны кетірудің жолын айтып, әрең дегенде сабырға келдім. «Құдай-ау, осы бәлелердің бәрі неге маған үйір?-деп күңкілдеп жүрмін. Ақырында ұятта болса сол адамға қоңырау шалып кешірім сұрап жүрсем, ол тіпті көрмеген де екен. Шек-сілесі қатып күліп алған ол «уайымдамаңыз, ондай-ондай болып тұрады ғой» деп өзімді жұбатып қояды.

Енді, мен отырған жерде Фейсбук, вацап, ондағы ортақ таныстар, қызықтар, туған күн  иелері туралы әңгіме айтпаңыздаршы, өтініш. Әйтпесе… әйтпесе өзіме сенім жоқ, ертеңгі күні тағы да лайк басып күлкіге қалам ба деп қорқамын.

Назым Айқын