6.05.2020, 13:22
Қараулар: 154
Өнерпаздың онлайн ән кеші

Өнерпаздың онлайн ән кеші

Ауданымыздың өнерпаздары мынау тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен алынып отырған шаралар барысында да қолдарын қусырып, қарап огтырған жоқ. Олар да өз беттерімен үзіденіп, үйде отырған ауылдастарына рухнаи қолдау көрсету мақсатында ізденіс үстінде жүр. Осындай мақсаттағы игі шараның бірі жуырда Instagram, Facebook желісі арқылы онлайн түрде өткен Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі, «Сұлтанғалиевтар» жанұялық ансамбілінің жетекшісі Сансызбай Сұлтанғалиевтің шығармашылығына арналған «Туған жерім Шыңғырлауым» атты дәстүрлі ән кеші. Желіде өтсе де жерлестеріне керемет көңіл-күй сыйлаған онлайн концерт көптің көңілінен ерекше орын алды. Туған жерін әсем әнмен тербеп, тыңдармандарын есті әуенге еліткен Сансызбай Сұлтанғалиевпен бірге өзінің өнердегі әріптестері баян аспабында Бақытжан Казенов, домбырада Құлсары қаласының тумасы Орынбек Байжанов сүйемелдеп мазмұнды кештің шырайын одан сайын аша түскендей болды. Кеш барысында елімізге белгілі компазиторлардың туған жер, ауылға деген сағыныш, махаббат тақырыбындағы әндері шырқалса, сонымен қатар, желідегі тыңдармандардың сұрауы бойынша кеш иесінің репертуарынан ойып тұрып орын алған Ұзақбай Сұлтанғалиевтің «Торатбас» термесі, Донеділ Қажымовтың «Ақжайық-ару мекенім», Аблайхан Оспановтың «Елге сапар» атты әндері орындалды. Сансызбайдың әнін сағынған көзі қарақты көрермен  желіде өздерінің пікірін, ақжарма тілегін білдіріп, қолдап-қолпаштап отырды.

Айта кетейік, онлайн концерт кезінде «Instagram» парақшасында елу, «Facebook»-те жүз жетпіске жуық көрермен тамашалап, мазмұнды һәм мәнді кештің куәсі болды.

Өзін-өзі қамшылап, үнемі тың бастамаларымен көрінуге тырысып жүретін өнер иелері қандай жағдайда да тығырықтан жол таба білері сөзсіз. Сансызбайдың ауылдастарына арналған онлайн өнер кеші өзгелерге де тың серпіліс береді деп ойлаймыз.

Самат БАЙБОЛАТ