31.01.2020, 11:30
Қараулар: 264
Қазақтың дана Қадыры

Қазақтың дана Қадыры

Ақындық шығар айыпты,

Әлі де білмен себебін.

Өлеңге айтып қойыппын,

Өмірдің айтпа дегенін, — деп бар ғұмырын өлеңге арнаған жерлес ақын Қадыр Мырза Әлінің 85 жылдығына орай аудандық мәдениет  үйінде «Қазақтың дана Қадыры» атты поэзиялық кеші өтті.

Шара ақынның шығармашылығына арналған бейне-роликтен басталып, жүргізушілердің қазақтың көрнекті ақыны туралы деректерімен толықтырылып отырды.

Әдеби-сазды шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен мектеп оқушыларының орындауында Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған «Атамекен», «Асыл әжем», «Сыған серенадасы», «Өз елім», «Тамаша» секілді тағы да басқа әндері шырқалып, бірқатар өлеңдері оқылды. Кеш барысында Қадыр Мырза Әліні көзі көрген жандардың естеліктері айтылып отырды. Ауданымызға белгілі ақын Шотпанов Адақ ағамыз өзінің ақынмен үш рет кездескенін баяндаса, ақын, журналист Қаршыға Елемесов Қадыр ақынға арнап жазған өлеңін оқыды. Ал 2013 жылы облыс көлеміндегі ұстаздар арасында өткен «Қадыр Мырза Әлі мүшайрасы» облыстық байқауының Бас жүлде иегері Қуаныш Есенов пен  2018 жылы облыстық Қадыр Мырза Әлі атындағы «Тасада жүр таланттар» шарасына қатысқан спорт шебері Қайсар Құсайынов та ақын туралы ойларымен бөлісіп, ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.

Кеш соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Самиев Қадыр ақынның шығармашылығын насихаттауға бағытталған игі шара әлі де жалғасын таба берсін деген тілегімен қатар, ақынның әрқашан ұтымды жауап таба білетін қасиетін айта отырып, әзіл әңгімелерімен бөлісті.

Аман Ізмұхан