18.04.2020, 12:00
Қараулар: 298
Хәлің қалай, халық театры?

Хәлің қалай, халық театры?

Өнер десе арқасы қозып, шабыттанып кететін халықпыз ғой. Содан да болар, «Ел іші –өнер кеніші» деген сөз қалған ел аузында. Асылында, кез-келген ұлттық өнердің тірегі де, түп бастауы да халықтың өзі болса керек.

Біздің өңірімізде де өнерді шексіз құрметтейтін, бойында дарыны бар тума таланттардың басын біріктіріп, көркемөнерпаздардың өз күшімен құрылған Халықтық өнер ұжымдары баршылық.Соның ішінде әлі де түсер жүйесін таппай, бірде бар, бірде жоқ болып, көктемге жетуі неғейбыл көтерем сиырдай оңала алмай келе жатқан театр ұжымы да бар. Дәлірек айтсақ, Халықтық «Шаңырақ» театры. Бұлай деп баға берудің өзі айтар ауызға ауырлау, әрине. Себебі, театр-өмір айнасы. Оған ешкімнің таласы да жоқ болар. Өмірдің қалтарыс-бұлтарысын, қым-қуыт тіршіліктің қазанында қайнаған сан түрлі тағдыры бар адамдардың бітім-болмысын, мінез-құлқын көз алдыңа әкеліп, бірде езуіңе күлкі келтіріп, бірде жанарыңды жасқа бұлайтын ерекше өнер, рухани орда-театр. «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген Шархан Мұртазаның сөзінде түсінген адамға үлкен мазмұн бар. Кез келген спектакль адамды эстетикаға, сұлулыққа, поэзияға, өнерге, жақсылыққа жетелейді емес пе? Ендеше біздің халықтық театрдың  аяқ алысы неге тұсауын енді кескен баладай қаз-қаздап қалды,«халық театры» деген атауды өлтірмей,сүйреп келе жатқан біздің өнерпаздардың еңбегі қалай еленуде? Жалпы ауданымыздағы «Шаңырақ» театрының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?

 Өткен күннен бір елес

 Әлқисса.., ең алғаш «Шаңырақ» халықтық театры осыдан он үш жыл бұрын, 2007 жылы қыркүйек айында мәдениет үйі жанынан «Драма үйірмесі» болып құрылды. Жетекшісі Асылай Көпжанова болатын. Ол кездерде оқушылардан құрылған үйірме болған соң, көбіне мерекелік кештерде, салтанатты жиындарда шағын қойылымдар қойып, көрермендерге өз өнерлерін көрсетіп жүрген-ді. Кейін Асылай Оразқызы 2010 жылы «Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының» магистратурасын «кино-теледраматургия» мамандығы бойынша тәмамдап ауылға келісімен, «Драма үйірмесін» қайтадан қолына алып, қызу жұмысқа кірісіп кетті. Сол кездің өзінде-ақ үйірмеге «Шаңырақ» деп ат қойып, оқушы балалардан құралған театр өзінің шағын қойылымдарымен көрерменге жол тарта бастады.«Жақсылыққа жақсылық», «Торатбасы»,«Түлкілер хикаясы»,«Соқыр ана»,«Ана жүрегі» сынды қысқа қойылымдармен басталған театр репертуары отандық драматургтердің, атап айтсақ С.Жүнісовтың «Жаралы гүлдер», С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек», Д.Исабековтың «Құстар фестивалі», М.Шахановтың «Махаббатты қорғау» сынды  шығармаларымен толыға түсті.

Сол кездің өзінде көз көргендер біле жатар, театр жұмысына деген қолдау анау бір керім ауыз толтырып айтарлықтай емес еді. Бөлсе азын-аулақ қаражатты бөлді, болмаса ол да жоқ. Өзіңнің қалтаңнан қосасың ба, басқа амалын табасың ба ол сенің шаруаң. Бірақ өзінің мамандығына адалдықпен қарайтын Асылай  бастаған ісін аяғына жеткізбей тынбайтын. Әр күнгі дайындыққа келетін оқушыларын қалтасынан ақша шығарып таксимен әрлі-берлі тасып, әркімге бір жалынып-жалпайып жүріп декорациясын жасатып, музыкасын қостырып, жоқтан барды құрап киім тіктіріп, артынып-тартынып сахнаға керек дүниелерді тасып, ойға алған спектаклін қойып бір-ақ тынатын.

Бірде М.Шахановтың «Махаббатты қорғау» атты қойылымының дайындығына барсақ, сахнаға екі ұзын бақта отырып демалатын орындық (скамейка) әкеліп қойыпты. «Мұны қайдан алдың?» дегенбіз таң қалып, «Вокзалдың алдынан алып келдік. Әзірге ешкім отыра қоймас» деп күлдіртіп жауап берген сонда. Міне, осындай жанкештілікпен жүріп, «Шаңырақ» театрын, театрға деген аудан тұрғындарының махаббатын, көрерменнің спектакльге деген құрметін қалыптастырды. Жаны нәзік әйел  болса да өнердің батпан жүгін арқаға салып, «Шаңырағын» сүйрелеп жүріп 2013 жылы «Халықтық театр» атағын алып берді. Ол атақтың да қандай еңбекпен келгені есімізде.

Сол жылдың 27 наурызында аудандық мәдениет үйінде ән мен биі жарасқан, керемет қойылымдар бас қосқан ерекше есептік концертін берді. Кешке аудан әкімінен бастап, мекеме басшылары, облыстық «Халық шығармашылығы» орталығының мамандары, қарапайым халық түгел қатысып, керемет рухани кештің куәсі болды. Сөйтіп «Шаңырақ театры» «Халықтық театр» деген атақты алды. Бұл да қайсар да, еңбеккор Асылайдың арқасы.

Содан кейін театрдың жолы бір арнаға түсті білем, режиссер қыздың еңбегі елене бастады. Облыстық телеарнаға сұхбатын беріп, газетке халықтың жылы лебізі, оң пікірі жинақталған орысша-қазақша мақалалар жарияланып, театрдың тасы өрге домалады.  Аймақтық театрлар байқауына қатысып, тәжірибе алмасудың да мүмкіндігі түсті. Жасыратыны жоқ, осы ауылдың үлкені бар, кішісі бар жаңа қойылымға шөліркеген патша көңілді көрермен «Асылай сағындырды ғой. Қайда жүр екен?» деп бір уақыт көрінбей кетсе іздеп, жаңа қойылымның афишасы шыға қалса, мәдениет үйіне қарай асығатын. Ол уақыттарда аудан басшысының өзі театрға келіп, көрермендер қатарына жайғасып, қойылым көретін. Қойылым аяқталысымен, сахнаға шығып, аудан тұрғындары атынан жылы лебізін білдіріп, алған әсерімен бөлісетін. Ауданның басшысы қатысатын болғандықтан ба, жоқ әлде тәртіп солай болды ма, сахнада қойылатын спектакльдің дайындығына ішкі саясат, мәдениет салысының басшылары келіп бастан-аяқ қатысып, «ана жерін бүйтсе, мына жерін сүйтсе» деп өздерінше түзетулер енгізіп те кететін. Әйтеуір, халықтың алдына шығатын болғасын ондай тексерулер де керек шығар. Оған ешкім ренжіп те жатпайтын. Бастысы еңбекпен келген туындыны елдің алдына шығарып, шуылдай соғылған шапалақтың,«Браво!» деп айғайлай естілген дауыстың қызуымен барлық өкпе-назды ұмытып, жүздері жарқырап әртістер тұратын сахнада.

Қай-қай дүниенің де өзінің шарықтау шегі, шырқау  шыңы болады ғой. Театр да одан айналып өте алмады.  Халықтың алдында біраз жыл өзінің ерекше қабілетімен, шынайы қойылымдарымен қалтқысыз қызмет еткен Асылай қызымыз да бір күні жұмыстың ыңғайы ауысып, басқа қалаға көшіп кетті. Міне, сөйтіп аудан тұрғындары үшін де бүтін тағдырды болмысына сыйғызып тұратын алақандай сахнаның шымылдығы біразға дейін жабылды.

 Бүгінгі күннен бір белгі

…Содан бері жеті жылға жуық уақыттың да жүзі ауысты. Осы жылдардың арасында талай режиссер келіп, талайы кетті. Мардымды ештеңе шықпады. Тіпті келуінен кетуі жылдам бәрінің, тұрақтамайды.

Бүгінгі театрдың тізгіні Жалғасбек Мырзагереев деген жас маманда. Жас та болса болашағынан үміт күттірер маман екендігін байқатып та келе жатқан секілді. Өзі біздің өңірдің тумасы емес. Дегенмен өнер өңірге бөлінуші ме еді? Қажыры келгенше қызмет етіп жатыр. Келгеніне төрт-ақ жыл болса да, бірер спектакльді сахналап, көзі қарақты көрерменге ұсынып та үлгерді. Олар: Ш. Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» повесінің желісі бойынша қойылған «Өмір-керуен», Н.Сауданбекұлының «Аманаты», Б.Васильевтің «Тамылжыған таңы», Қ.Жүнісовтың «Алғашқы махаббат» сынды шығармалар болатын. Аяқ алысы жаман емес секілді. Дегенмен бұрын соңды жолы түсіп көрмеген елге қызмет етем деп келген жас маман ғой, алғашында қиналғаны рас. Олай дейтінім, ең алғашқы спектаклін қойған кезде (Ш. Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» повестінің желісі бойынша «Өмір-керуен» қойылымы) айдан аса дайындық жұмыстарын жүргізді. Афишасын аяқтай жүріп ілді, шақыруын таратты. Онымен премьера болатын күні үш жүзге жуық орындығы бар мәдениет үйінің алдыңғы үш-төрт қатарында басы қылтиып бірен-саран ғана кісі қарасы отырды. Оның да басым көпшілігі оқушы балалар. «Бұл қалай болғандағысы, әншейінде пайдасы аз басқосуда лықа толып отыратын халықтың театрға келуден тартынғаны несі? Жас баланың сағы сынып қалады-ау» деген ойда қалдық. «Басшылық қалай аңғармай қалды? Басы-қасында жүрмес болар ма? Жастың аты жас, қолдауды көп қажет етеді ғой, оның үстіне біздің топырақтың тумасы емес» деген көп сұрақ көңілде көмулі қалды. Қайыр қош, әйтеуір премьера өтті отыз кісілік «аншлагпен». Одан режисердің сағы сынбады білем. Азамат қой. «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес» дей ме мұндайда. Оған біз Жалғасбектің кейінгі спектакльдерінде куә болдық. «Тамылжыған таң», «Аманат», «Алғашқы махаббат» сынды театрлық жұмыстарын халық жылы қабылдады. Әсіресе, соңғы «Алғашқы махаббат» спектаклін екінші қайтара қойсаңыздар,  ауылдарға барып көрсетсе жақсы болар еді деген көрермендерден ұсыныстар түсе бастады. Ауылдық жерлерді қамтып, рухани құнды дүниемен сусындатуды қолға алса, керемет болар еді-ау деп ойлады режиссер да.

Бірақ бұл ұсыныстың шешімі тек режиссердің қолында емес еді. Театр-жиынтық өнер. Ал «Халықтық театрды» ұйымдастыру  айтар ауызға ғана оңай. Себебі, қойылымда ойнайтын «актерлер» әр түрлі салада қызмет ететін жергілікті халықтың өкілдері, олар кәсіби мамандар  емес. Олардың басын бір жерге біріктіріп, бабын тауып, біртұтас қойылымға жұмылдыру қиынның қиыны. Ауылдық округтерге апарар болса, әр қатысушыны жұмысынан сұрап алғаннан басқа, көлікпен қамтып, декорациясын құрысып жұмылып жүретін үлкен біріккен ұжым қажет. Оны жас маман қайтіп жүзеге асырады? Мұндай іске мұрындық болып, қолдау көрсететін тағы да басшылық тарап. Әрине оған басшылықтың бүйрегі бұрса. Сонымен не керек, ол шаруа да сиырқұйымшақтанып қалды.

Ал, енді театрдың бүгінгі қалін, болашаққа жоспарын білмек ниетте режиссер Жалғасбек Мырзагереевпен тілдесіп көрдік. «Әлемдегі жағдайға байланысты бүгінде жұмысымыз тұралап қалды ғой. Дегенмен, ішкі жоспарымызды жасақтап, ізденісті жалғастырып жатқан жайымыз бар. Жалпы жұмыс барысы бір қалыпты. Үйреніп қалдық. Бірақ бұл жолда кездесетін қиындықтар көбеймесе, азаймақ емес. Театр ұжымдық жұмыс болғандықтан, команда керек. «Шаңырақ» театрының «Халықтық театр» болғанына жеті жыл болады биыл.

Біріншіден, түрлі тақырыптағы қойылымдарды қойғаннан кейін мықты материалдық  база қажет. Ол жағы әлі де толықтыруды керексініп тұр.  Екінші үлкен мәселе-штат мәселесі. «Жалғыздың үні шықпас» деген сөз бар қазақта. Ол рас. Қойылымның читкасынан бастап, премьерасына дейінгі аралықта көп жұмыс атқарылады. Оның декорациясы, музыкалық сүйемелдеу, хореография, жарық, костюм бәрі-бәрі спектакльдің маңызды детальдары. Онсыз қойылымды елестетудің өзі мүмкін емес. Соның бәрін ойластырып, жүзеге асыру дәл қазір менің ғана мойныма түсіп отырған ауыр жүк. Тым болмаса екі штат ашу қажет деп ойлаймын театр үшін. Мысалы декорацияға жауапты  бір суретші маман, режисер көмекшісі секілді тағы бір маман болса, жұмыс әлде қайда жеңілдер еді. Мен бұл мәселені басшылық тарапқа да қойғам. Онымен әлі бір шешімі табылмай келеді. Үшінші дүние, көркемдік жетекшінің ауадай қажеттігі. Кешегі кеңес үкіметінің кезінде «Цензура» деген ұғым болды ғой. Сол уақыттарда «худ.рук», яғни, көркемдік жетекші деген мамандар жұмыс жасады. Кез келген мәдени шаралардың барлығын сараптап, халыққа ненің қажет, ненің қажет емес екендігін солар шешіп, бәрін тәптіштеп тексеріп отырды. Ұсынылған жұмыс үлкен кеңесте қаралды. Міне, сол секілді бізге де осындай дүние қажет. Қай қойылымның қойылғаны дұрыс, халыққа, өскелен ұрпаққа берілетін рухани тәрбиенің ошағы-театр жұмысын, жоспарын егжей-тегжейлі ұйымдастырып, бір жолда ұстап отыру маңызды. Облыс бойынша қарайтын болсақ, ілгері келе жатқан театрлар баршылық. Мәселен, Жалпақтал, Тасқала, Жәнібек аудандары бізден көш ілгері. Іргемізде тұрған Бөрлі ауданының «Мұрагер» театрына биыл бес жыл болады, бірақ ұжымның жұмысы мықты. Күні кеше «Харекет» қайырымдылық қорының қолдауымен облысымыздың бүкіл өңірін гастрольдік сапармен аралап, өздерінің қойылымдарынан түскен қаражатқа бір отбасыға баспана алып берді. Біздің театрдың жағдайын сұрасаңыз, біз әлі бір ізге түсе алмай бұлталаңдап келе жатырмыз. Бұрынғының шалдары айтпақшы «бұйырғаны болар». Нәтиже шығар деген үмітпен еңбек ете береміз ғой»,-дейді режиссер әңгімесін тарқатып.

Осы орайда жауапты мамандарға құлаққағыс. Бұның бәрі бір демде бола қалатын шаруа емес шығар, біртіндеп болса да жүзеге асады деген ойдамыз. Себебі, театрға ерекше қолдау әлі де қажет. Онсыз да кітап оқудан қол үзіп, рухани мүгедектікке шалдығудың аз-ақ алдында тұрған кейінгі ұрпақты театр арқылы тәрбилеуге болады. Ш.Аймановша айтатын болсақ «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын».

Ал, көркемдік кеңес мәдениет саласына керек-ақ. Бүкіл телеарналарды жаулаған шоу-мәдениет біздің де сахнаны айналып өтпесі анық. Қазірдің өзінде тілді бұрмалап рэп айтып,сахнада жынынан айырылған бақсыдай секендеп билеп, ессіз ән айтып жүргендерді көзіміз шалып қалады. Шашын ерсіл-қарсыл лақтырып билеп жүрген қызды көрген бір мұғалім: «Құдай-ау, мынау біздің мектептің оқушысы ма? Танымай қалдым ғой»,- деген көрінеді көзілдірігін киіп жатып. Осындай олқылықтарды түзеп, артығын күзеп отыру үшін мәдениетке жаны ашып, жүрегі ауыратын адам керек қой қашанда. Әйтпесе, құр рейтинг жинап, у да шу жеңілтек өнермен алысқа бару мүмкін болмас. Орайы келгенде айтып қалып жатқанымыз. Көрермендік көзқарас деп білерсіздер. Біздің мақсат мәдениеттен мән, сахнадан сән кетпесе екен деген жанашырлық, ағайын!

Самат БАЙБОЛАТ