19.11.2019, 9:52
Қараулар: 358
Тәнті еткен қара өлең

Тәнті еткен қара өлең

 Тұңғыш Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының қолдауымен «Ұмыт қалған   қара өлең»  облыстық байқауы бастау алған болатын. Жуырда осы тақырыптаға шара аудандық мәдениет үйінде  оздырылды.

Шараға Ашысай, Ақбұлақ, Ақтау, Қарағаш, Шыңғырлау ауылдық округімен  аудандағы «Асыл қазына» ардагерлер тобы  қатысып, театрландырылған  бағытта қазақтың салт-дәстүрінен көрініс көрсетті.

Ащысай ауылының «Сымбат» тобы «Қыз жасауын», Ақтаулық «Асыл» тобы «Көрісу айт», Қарағаш  «Қаракөз» тобы «Жоқтау», Ақбұлақтық «Ақ әжелер» «Құда түсу», Шыңғырлау ауылдық округінің «Ақмаржан» тобы «Құрсақ көтеру», аудандық «Асыл қазына» тобы «Құйрық бауыр» салттарын қара өлеңмен көркемдеп, көрермендерін риза ете білді.

Ащысай ауылының 82 жастағы тұрғыны — Нұрғанша әже, ақтаулық Бексейтов Клим атаның, қарағаштық Янтурсина Күләш әженің айтқан қара өлеңдері тамашалаушы жұртшылықтың жүректеріне жеткендігінде сөз жоқ.

Жалпы, аталмыш шараға қай округтің болмасын өкілдері үлкен әзірлікпен, ізденіспен, киім үлгілерімен де ерекшеленіп келіп, барша халықты тәнті етті.  Шара қортындысында аудандық «Асыл қазына» тобы І орын, қарағаштық «Қаракөз», ақбұлақтық «Ақ әжелер» топтары ІІ орын,   ІІІ орынды ақтаулық «Асыл» тобы, Ащысай ауылының «Сымбат» тобы, Шыңғырлау ауылдық округінің «Ақмаржан» тобы иеленді.

Қалампыр Жұбаниязова,

аудандық мәдениет үйінің әдіскері