27.02.2020, 10:27
Қараулар: 116
«Тұңғыш Президент жолымен» эстафетасы — Шыңғырлауда

«Тұңғыш Президент жолымен» эстафетасы — Шыңғырлауда

Облысымызда Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясының эстафетасы басталған болатын. Еліміздің барлық өңірлерін қамтитын жалпы халықтық акция эстафетасын бөрліліктер Шыңғырлау ауданына салтанатты түрде табыстады.

Салтанатты шара Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай стелла-ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Одан әрі Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас инспекторы Гүлжайна Бисенғалиева және Алпамыс Көшкінбаев бастап келген Бөрлі ауданының делегациясы құрамындағы ұлттық мәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғамдық келісім, аналар мен ардагерлер кеңестерінің төрағалары тақырыпқа сай бес пікір сайыс алаңында өздерінің пікірлерін ортаға салды.

Бірінші диалогтық алаңда «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы Елбасының тарихи рөлі» тақырыбында өрбіп, оған БҚО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы М.Қамбетов төрағалық етті. Бөрлі және Шыңғырлау аудандары қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары мен мүшелері, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, зиялы қауым, қоғам белсенділері бас қосып, қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірліктің маңыздылығын кеңінен талқылады. Ал екінші диалогтық алаңда әңгіме «Ата сөз-бата сөз» тақырыбында өрбіп, қазыналы қарттардың бата беруі, дәстүрді жас ұрпаққа жеткізе білуі, жалпы дуалы ауыз абыз ақсақалдарымыздың қоғамдағы ролі айтылды. Диалогтық алаңды жүргізген Орал қаласының «Шағын аудан» қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қанат Оразғалиев жиын соңында бірнеше бата оқып, тілегін біледі.

Үшінші алаңда «ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген міндеттерді шешудегі БҚО ҚХА аналар кеңесінің атқарылған жұмыстары мен мәселелерін талқылау» мәселесі көтерілді. Ашық алаң барысында пікірлер, ұсыныстар айтылып, екі ауданның қыз-келіншектері іс-тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе, қоғамдағы назар аудартар келеңсіз жағдайлардың алдын алу шаралары, отбасы мәселелері, ажырасу, ысырапшылдыққа жол бермеу туралы да өзекті ойлар өрбіді. Ақ жаулықты әжелер атынан Т. Тажкенова, Н. Ақпанова өз ойларымен бөлісіп, ұлттық салт-дәстүрімізді  өскелең ұрпаққа насихаттаудың маңызын, қазіргі таңдағы әйел келбеті туралы тұшымды әңгімелерін айтып берді.

«ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы мен БҚО ҚХА этномәдени бірлестіктері Ассамблеяның жұмысына қосқан үлесі мен бүгінгі таңда қол жеткен нәтижелері туралы» төртінші диалогтық алаңда модератор БҚО ҚХА хатшылығының бас инспекторы Г.Бисенғалиева Ассамблеяның ширек ғасырлық тарихына тоқталып, жеткен жетістер жөнінде сөз етті. 130-ға жуық ұлт өкілі мекен ететін елімізде ұлтаралық ынтымақтастықты жойып, кез келген түрлі әлеуметтік шиеленісті ұлт арасына іріткі салуға бұрмалауға жол бермеуде Қазақстан халқы Ассамблеясының ролін мысалдармен дәлелдеп өтті. Жиын барысында Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары А.Бисембаев пен Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары А.Көшкінбаев қос ауданда ұлт бірлігін нығайтуға бағытталған шаралар турылы баяндады. Сонымен қатар, Бөрлі ауданының ұлттық мәдени бірлестік жетекшілері — «Достық» азербайжан халқының этно мәдени бірлестігінің төрағасы А.Агаев,  «Приуралье» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Д.Сова, «Тонг Иль» кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы В.Ан және Шыңғырлау аудандық ұлттық мәдени бірлестік жетекшілері де Қазақстан халқы Ассамблеясының маңыздылығы мен қоғамға қажет екендігін сөз етті.

«Татуласу» орталығының басшысы А.Ракишеваның төрағылымен өткен бесінші диалогтық алаңда «Медиация және дебаттар: жанасу нүктелері» тақырыбы талқыланып, оған қоғамдық медиаторлар, құқық қорғау органдарынан: сот, полиция өкілдері, прокуратура,  адвокаттар, мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтар  қатысты. Басты мәселе дауды сотқа дейін шешіп,  медиаторлардың беделін көтеруге қосар үлесі бағытында өрбіді.

«Хакатон» форматында бес диалогтық алаңда өткен жиын өз мәресіне жетіп, аудандық мәдениет үйінде Бөрлі ауданының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Мәдениет үйінің залында бөрліліктер дайындаған «Елбасы жолымен» және «Ассамблеяның — 25 жылдығына» арналған көрмелері халық назарына ұсынылды.

Аман ІЗМҰХАН