15.06.2020, 17:45
Қараулар: 21
Онлайн-байқау жеңімпазы атанды

Онлайн-байқау жеңімпазы атанды

Өздеріңізге белгілі, карантин уақытында да еліміздегі барлық мекемелер жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Соның ішінде мәдениет саласы да жоспар бойынша, тек басқа форматта жұмыстарын жалғастырып отырды. Саланың қызметкерлері, өнер сүйгіш жастары да әр түрлі деңгейдегі онлайн-байқаулардан да тыс қалған жоқ. Сөзімізге негіз- Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай елімізде өткен патриоттық әндер байқауына шыңғырлаулық үміткерлер де қатысқан болатынды. Нәтижесінде  байқауға қатысып, жерлес өнерпаз қызымыз онлайн — жеңімпаздардың бірі  болып танылды.

Нақтылай айтсақ, Нұргүл Байғалиева «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ Нұр-Сұлтан қалалық филиалы «Астана жастары»  коммуналды мемлекеттік  мекемесіне қарасты, Нұр-Сұлтан қаласы қорғаныс істері департаментінің қолдауымен, «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары және колледж студенттері арасында өткен онлайн әскери  патриоттық  әндер байқауында  1 орынға ие болды. Сонымен қатар,  облыс көлемінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай жастардың арасында патриоттық  сезімді тәрбиелеу, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне  құрметті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған «Атамның ерлігі — ұрпаққа өнеге» тақырыбындағы  онлайн-байқауға  қатысып, «Ұлы ерлер ұрпағы» аталымы бойынша екінші орынды иеленді.

Нұргүл еңбек және соғыс ардагерлерінің ұрпағы. Аталары  Нұралы Касимов, Тілеген Байғалиевтердің аудан үшін еңбектері айтарлықтай. Ал өзі әкесі Жұмабай бастаған өнерлі отбасында дүниеге келіп, міне, енді сабағынан бос кезінде сахна төрінде ән салып жүр.

Өнерлі қыздың мерейі үстем болсын!

 А.Муса