29.09.2020, 11:54
Қараулар: 111
Жаңа жанрдағы қойылым

Жаңа жанрдағы қойылым

 «Халықтық» «Шаңырақ» театры ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Заман әлдиі» атты спектаклін көрермен назарына ұсынды.

Спектакль музыкалық-поэтикалық перформанс жанрында қойылды. Санитарлық нормаларға байланысты қойылымды 50 шақты адам ғана тамашалай алды. «Біз Абай атамыздың тұңғиық философиясын халыққа жеткізу мақсатында жұмыстандық. Абайдың поэтикасын қайталанбас шығармалары арқылы жастардың көзқарасымен жеткізуге тырыстық. Жанры музыкалық-поэтикалық перформанс жанрында алынды. Перформанс-жаңадан пайда  болса да, халыққа қызықты әрі жаңашылдыққа толы жанр, сол себепті спектакльдің формасын осы бағытта бердік. Өзінің бір сөзінде Сократқа у ішкізген,  Ионна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ, ебін тап та жөнге сал дегені бар. Біз міне, осы көп пен Абайдың арпалысын халыққа көрсетуге тырыстық»,-дейді қойылымының бас режиссері Жалғасбек Мырзагереев.   Спектакльге хореограф, костюмер сынды қызметкерлерден бөлек 15 шақты адам қатысқан. Оның ішінде мәдениет үйінің қызметкерлерінен бөлек оқушылар, студенттер және жас мамандар да бар. Дайындыққа бас-аяғы екі аптадай уақыт кеткен. Аз уақыт ішінде халық көңілінен шыға білген туынды жасап шығару – нағыз шебер маманның ісі. «Сахнаның көп мүкіндіктері болса керемет болар еді. Әттеген-ай, қап былай жасар едім деген ойларым болды. Алайда актерларымның шеберлігі соншалықты, бос сахнада да таза актерлық шеберліктің жарқын үлгісін көрсетті. Әрбірінің белсене атсалысқандары, театр өнеріне деген қызығушылықтары мені таңғалдырды», — деп тебіренді режиссер.

Қойылымның арнайы қонағы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Байғалиев  спектакль соңында сөз сөйлеп, көңілінің бір марқайып қалғанын жеткізді.  Жаңа заманның жаңаша көрінісін ерекше әсерлеп берген жастарға тілегін айтып, қойылымға өзінің жоғары бағасын берді. Аудан әкімінің орынбасары Азамат Тәңірбергенұлы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Өмірбек Бекениязов та сөз алып, бүгінгі сахналық қойылымға сүйсіне ден қойғандығын жеткізді. Кештің тағы бір арнайы қонағы Бөрлі аудандық «Халықтық» «Мұрагер» театрының режиссері Әсел Молдағалиева жүрек тебірентер көріністерге куә болғанын тілге тиек етіп, өзінің жылы лебізін білдірді.

Қойылым соңында әсерлі монолог оқылды. Абай кеткен сол күндерден бері ақынның суретіне ғана мұң шағу, сағыныш білдіру қалғаны көрсетіліп, нүктесі «Мен рухыңды сағындым» деген сөздермен аяқталды. «Халықтық» «Шаңырақ» театрының бағындырар биігі көп болып, елге көрсетер мағыналы да әсерлі қойылымдары таусылмасын!

Тек бір әттеген-айы ауданға белгілі ақын Қаршыға Елемесов айтқандай: «бүгінгі спектакльдің жалғыз ғана әттеңі бар: ол осындай туындыны барша халықтың көрмей алмай қалуы». Десек те, жұртымыз аман, еліміз тыныш болып, бәзбаяғы тірлігімізге көшсек, осындай халықтың көңілінен орын алар қойылымдардан жұртшылықтың да рухани сусындар күндері де көп болар.

Қойылымының бас режиссері Жалғасбек Мырзагереев:

Спектакліміздің басы бесік жырымен басталады. Ол кейін заман әлдиіне ұласады. Абай атамыз өзінің өлеңдерімен заманды тербетті, әлдиледі. Сол себепті қойылымымыздың тақырыбын «Заман әлдиі» деп қойдық. Абайдың заманындағы қарама-қайшылық, өзі айтып өткен бес дұшпаны қазіргі қоғамда да көрініс табуда. Сондықтан сол заман мен қазіргі заманның байланысын көрсетуге тырыстық. Абайдың өз заманында қозғаған мәселесі қай заманда да өзектілігін жоғалтпайды деп ойлаймын.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Эрик Сағындықов:

Қойылым жоғарғы деңгейде өтті. Ерекше әсер алып қайттым. Осындай мәнді де мағыналы спектакльдер жиі қойылып тұрса, жастарға жақсы мен жаманды айыруға үлкен себін тигізеді деп ойлаймын. Оқылған қара сөздер, өлеңдер, шырқалған әр өлең қойылыммен байланыс тауып, актерлардың ойынын одан сайын жандандыра түсті. Ауданымызда осындай талантты жандар бар екеніне шын жүректен қуаныштымын.

   Айбарша ЛЕКЕРОВА