26.03.2020, 11:10
Қараулар: 225
Бір ән – бір тарих

Бір ән – бір тарих

Шыңғырлауым – сәнді өлкем,

Бар ма сендей жер көркем.

Сан тарапта ұл-қызың,

Бір өзіңді жыр еткен.

Ауданымызда бұл өлең шумақтарын білмейтін адам кем де кем болар, сірә. Олай болуы заңды да. Себебі, бұл ауданның гимніне айналған әйгілі «Шыңғырлауым-сәнді өлкем» әнінің қайырмасы. Сөзі жерлес ақын Адақ Танабайұлынікі, әні компазитор Тілекқали Мықтыбаевтікі. Осыдан жиырма төрт жыл бұрын дүниеге келген есті әннің шығу тарихы оқырманды бей-жай қалдырмасы анық. Соны білмек мақсатта біз де Адақ ағайды жұмысына әдейі іздеп бардық. Ағай жайдары қарсы алды. Бір байқағанымыз, қашан да ізденіс үстінде жүретін ағамыздың жұмыс үстелі түрлі тақырыптағы кітапқа толы екен. Жақсылап жайғасып алып, әңгімеге ойыстық:

«Аққұмымен айбынды, Торатбасымен тұғырлы, Елегімен енселі, Қыземшегімен көрікті, Шоқайтерегімен шырайлы, Сарқырамасымен сәнді туған жеріміз-Шыңғырлаудың өзінің гимні болатындай ән жазу көптен ойда жүрген болатын. Әуесқой компазитор, әнші Тілек Мықтыбаев екеуміз «Шыңғырлауым-сәнді өлкем» атты туындыны өмірге әкелдік. Әуелі сөзі жазылды. Ол, әрине, көп ізденісті талап етті. Өңіріміздің көрікті жерлерін, көк майса белдерін, өзені мен көлдерін өлеңмен өрнектеуге тырыстым. Кейін Тілек құрдасым әнін жазды. Әуелі вальс, марш үлгісінде жасау керек деп ойладық, соңынан сөзі мен сазы үйлескен, естір құлаққа жағымды осы әнге тоқталдық.  Әнді алғаш рет, шатаспасам, 1996 жылы жаңа жылдық шыршада Жұмаберген Оспановтың сүйемелдеуімен белгілі әнші Жұмабай Байғалиев орындады. Қазір аудан халқы бұл әнді түрлі шараларда, кештерде, жиындарда жиі айтады. Тіпті сахна шымылдығының өзі осы әннің сазымен ашылады. Бұл мен үшін үлкен абырой»,-дейді Адақ Танабайұлы.

Туған жерінің тарихын түгендеп, елдің мерейін үстем етуге ұмтылған ұлтжанды ағамыздың  Торатбасы, Шоқайтерек, Аққұм, Сарқырама, Қыземшек, Елек, Қонақай сынды ерекше табиғи нысандардың басын біріктірген «Шыңғырлаудың жеті кереметі» атты жобаның  авторы да осы кісі екендігін бірі білсе, бірі білмес. «Жақсылардың көңілі-алтын сандық» дегендей, қашан да әсерлі әңгімесі мен өрелі өлеңін, сәті түскенде күлкіге қарқ қылатын қалжынын сайлап, «бес қаруын белге іліп» жүретін ағамыздың көңілі расымен «алтын сандық» десек қателеспейміз.

Өлеңді сазбен көркемдеген жерлес компазитордың пікірін білмек ниетте Мықтыбаев Тілекқали ағаға телефон шалдық.

«Белгілі ақын Адақ Танабайұлы «Аудан әкімшілігі Шыңғырлау гимнін жазу керек деген тапсырма берді. Мен өлеңін жаздым, соған ән жазсаң» деген ұсыныс тастады да, сөзін жіберді маған. Өлең әнге сұранып-ақ тұр екен. Көп ұзамай ән де шықты.

Бірде ауданға келсем сол кездегі әкімнің орынбасары Тілек аға Имашев көрген жерден «Гимн қайда?» деді төтесінен. Ән шыққанмен қолымда нотасы болмаған соң «ән бар» дедім. «Жеделдетіп жібергін» деді ағам. Қалаға келіп, лезде әннің нотасын салдым. Кейін аудан өнерпаздары хормен айтып жүр дегенді естідім.

Ұмытпасам 2010 жылы-ау деймін. Облыс әкімі Қ.Көшербаев ұйтқы болып, қазақ драма театрында барлық аудандардың өнер күндері өтетін болды. Ол кезде «Қазақ драма театры» жаңадан салынған, жан баласы себепсіз кіре алмайтын. Бірде Адақ досым хабарласып «Шыңғырлаудың өнер күні өткелі жатыр, келіп қатыс» деп қолқалағасын уақыт тауып бардым. Ол уақытта қазіргідей фонаграмма, минусовка деген болмайтын. Ұмытпай гимнның ескі нұсқасын да ала бардым. Шыңғырлаулық өнерпаздар әннің сөзін жаттап, сақадай сай келіпті. Сол жерде бір дайындалып алдық та, сахнаға шығып орындадық. Көрермен орнынан тік тұрып, аямай шапалақ соғып әнді өте жылы қабылдады»,-деді ағамыз ағынан жарылып. Бүгінде Орал қаласында тұратын жерлес ағамыз «Өңірде болып жатқан оң өзгерістер мен атқарылған игі істерді естіп, шын жүректен қуанып отырамын. Шыңғырлау ауданының гимні деп күні бүгінге дейін ел аузынан түспей, шырқалып жүрген әннің тарихына тоқталып, елеп жатқан сіздің ұжымға да алғысымды айтамын. Бір әннің өзі бір тарих қой»,-деп жылы лебізін де білдірді.

Әні мен сөзі астасып, үйлесім тапқан, тыңдарманның құлағына жаққан есті туындының ерекше шығу тарихына да тоқталдық. Тыңдарманның көңілінен ерекше орын алған осынау әсем ән әлі де жасай береді деген ойдамыз.

 

Самат БАЙБОЛАТ