3.03.2020, 10:48
Қараулар: 128
Біз қалай сөйлеп жүрміз?

Біз қалай сөйлеп жүрміз?

Мектепте оқып жүргенде Бәке деген ағай қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Сөзге шешен, мақалдатып-мәтелдетіп, астарлап, тұспалдап, көркемдеп сөйлеген кезде сабақта отырғанымызды  ұмытып ерекше бір әлемге еніп кететінбіз. Әрі ол кісінің әртістік қабілеті де керемет еді. Тақырыпты түрлендіріп, дауыс ырғағын сан құбылтып, бірде жаз боп жаймашуақтанып, бірде қыс болып қаһарланып, батыр боп тас түйіліп, жау болып кектеніп әйтеуір 45 минуттың ішінде біз драмалық қойылым көріп шығатынбыз. Қоңырау соғылса да  орнымыздан тапжылмай, тәттінің дәмі құдды аузымыздан кетіп бара жатқандай тамсанатынбыз. Сөз сөйлеудің шеберлігі, сөз құдыреті қандай болатынын сол кезде ұққанбыз. Класс болып әдебиетке құмар болғанымыз да содан болар, бәлкім. Мектеп кітапханасын тауысып, ауылдағы аядай кітапхананы жағалайтынбыз. Біреудің қолынан бір жаңа кітап көрсек кезеккке тұрып, сол қолымызға тигенше «оқып біттің бе, қашан бересің» деп соңынан қалмайтынбыз.

Қазір озық технология, сандық ақпарат, интернет, сан түрлі функциялы телефон заманы. Көбісі кітап оқуға құлықсыз, телефондағы түрлі қосымшаларды ақтарып, шұқылап тілдерін дамытқан болады.  Кітап оқуға деген ынтаның жоқтығы жастардың бойында тіл байлығының жұтаңдығына алып келіп жатыр. Қазір көркемдеп сөйлемек түгілі ауызекі әңгіменің өзін түсінікті етіп жеткізе алмайды. Аяғына тұсау салынған аттай кібіртіктеп, іркіліп сөйлейді. Сөздері де қарабайыр «қалың қалай, не істеп жүрсің» деген сауалға олардың «жүрік, отырық, тұрық» деген қысқа жауап қайырулары жаппай үрдіс алғаны жасырын емес.  Соңғы кездері тіпті «неістепватырсың, ұйықтапватсың ба, киәтырмыз, бараатырық» деп жазатындардың да бар екендігін көріп қарның ашады.  Өзінің ана тілінде қалай болса солай сөйлеп, не сөйлеп тұрғанына көңіл де, уақыт та  бөлмейтіндер қатары көбейіп келе жатқаны қорқытады. Қазақтың көрікті, әуезді тілін кемтар ғып сөйлеу, шалажансыр халге жеткізу нағыз сауатсыздықтың белгісі болса керек. Сөзді қысқа қайырып, «чао, бай-бай, окей, е-е, о-о» деп түсінікті-түсініксіз сөйлеулері тіл бұзарлықтың бірден бір белгісі.  Әрине, сөйлеу барысында дағдылы түрде айтылатын сөздер де болары анық. Сөздер қалай айтылса солай жазылып  та жүреді. Бірақ мұның бәрін жүйелеп, тілді паразит сөздерден тазарту өз қолымызда ғой. Таза сөйлеуге тырысу үшін көп ештеңе керек емес. Шұрайлы ана тіліңе деген қызығушылықты одан әрмен алып кету әркімнің өз қолында. Ол үшін көркем әдебиетті көп оқып, қазақтың астарлап, мақалдап сөйлеу мәнеріне ден қою, дастархан басында ақсақалдарымыздың, абыройлы ел ағаларының бәтуалы әңгімелерін тыңдауға, соны кеудеге тоқып отыруға деген ынта болуы керек. Бірақ қазіргі кезде үлгі алар үлкендеріміздің өздері де астарлы сөзбен қағысу, әдемі әзілмен сөз жарыстыру, көркем тілмен ойды жеткізуде ада-күде күйде жүргендері де шындық. Дастархан басында отырып әдемі әңгіме өрбітіп, жастарға тағылым болар өнегелі  жәйттарды тілге тиек етудің орнына орысша-қазақша тілдерін шұбарлап, отбасы, ошақ қасының әңгімесінен әрмен аса алмайтын жандарды көріп еріксіз қынжыласың. Толғауы тоқсан тірліктегі көңілге түрлі ой салар талай  жағдайларды бүгінгі ұрпаққа сабақ болсын деп  тілге тиек етіп, жүрекке жеткізіп мәжіліс құру бүгінгі аталар бас қосқан алқалы отырыстарда жетпей жатқан мәселе.

Жалпы, бүгінгі таңда айтар ойдың қысқа да нұсқа, дәл болуына көп мән беріледі. Бірақ сол айтар ойды да дұрыс жеткізе білу керек. Әңгімені бастап алып «мен ойлаймын,  мен айтамын, мен деймін…» деп орта жолда тоқтап қалатындар жетерлік. Дұрысы айтар ойыңды айтып алып «деп ойлаймын, дегім келеді» деп сөздің нүктесі қойылғаны дұрыс-ақ.

Тіл мәдениетіне көңіл бөлу, тіл кемшілігіне немқұрайлы қарамау, сөздің мәнін түсініп, эстетикалық талғамды ұштауды алдына мақсат етіп қоя білген қай қандасымыз да  ана тіліміздің мәртебесін көтерері анық. Өзі сауатты сөйлеп қана қоймай бай тілімізге деген құрметті, жанашырлықты, адалдықты  өз ісімізбен дәлелдеп жүрсек тіліміздің әманда төрге озары анық.

Гүлшат ИБРАГИМҚЫЗЫ