14.08.2020, 16:16
Қараулар: 147
  Айдос-Абай байқауының жеңімпазы

  Айдос-Абай байқауының жеңімпазы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз»,- деген болатын.

Абай даналығын танып-білу, Абай шығармаларынан нәр алып, оның тереңіне бойлау, қаныға түсу- ұрпақтан-ұрпаққа ауыса беретін ұлы міндет. Өйткені тарих көшінің қай кезеңінде де Абай көтерілген сана биігі аласармайтын ендікте. Ұлтының тарихи дамуына үлес қоса, әр дәуір ұрпағына бағдар бере үн қата алатын Абай шындығы – ескірмейтін шындық. Абай тағылымы – ұлы тағылым.

Абай мұрасы — адамды адам етіп тәрбиелеудің, жан — жақты дамыған зияткер тұлға қалыптастырудың қайнары деп білсек, Абайдың  асыл  мұрасын насихаттау, жас ұрпақты , білімді , тәрбиелі де  тәлімді тұлға етіп тәрбиелеу мақсатында Шыңғырлау аудандық орталық кітапханасы  2019-2020 жылдары  көптеген  тәрбиелік мәні мен мазмұны бар шаралар ұйымдастырып өткізді.

Жылымызды ҚР Президенті Қасым-Жомарт  Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының аясында «Айбынды елдің айқын болашағы»  атты дөңгелек үстелді ұйымдастырумен бастасақ, Абай шығармалары «Оқитын Шыңғырлау» жобасы аясында, «Оқитын ұжым» акциясы барысында да аудан әкімі аппараты,  «Нұр-Отан» партиясының Шыңғырлау аудандық филиалы, аудандық ішкі саясат бөлімдерінде Абай мұрасы насихатталды.

«Абайдың сөзі-қазақтың бойтұмары» атты оқу марафоны барысында  кітапханашылар, мәдениет және ауданымыздың білім беру саласының жас мамандары белсене катысты. Әлеуметтік желілерде Абай мұрасы, Абайға арналған библиопост,  «Абай жолы» романындағы әйелдер бейнесі» атты бейнеақпарат,  онлайн  әңгімелер , «Жастықтың оты жалындап» атты әдеби мозаика т.б. көптеген онлайн жұмыс әдістері арқылы Абай мұрасы туралы ақпарттар  кітапхана оқырмандары назарына ұсынылды.

Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен  М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын оқушы оқырмандардың арасындағы қашықтан өткізілген облыстық онлайн байқауында жерлестеріміз, Аксуат ауылдық кітапханасының оқырмандары Айтмұхамбетовтар отбасы жүлделі 3- орынға ие болса, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен   облыстық «Абай оқулары» онлайн байқауына біздің Шыңғырлау аудандық орталық кітапханасының тұрақты да белсенді оқырманы Айдос Исекенов қатысып Бас жүлдеге  ие болды.

Абай  ұрпағына қалдырған әдеби мұрасын, шығармаларын кеңінен насихаттау, Абайдың тұлғасына, шығармашылығына оқырмандардың қызығушылығын арттыру, қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамын, тұлғалық мәдениетін дамыту, ұлы ақын шығармаларының бүгінгі күнде, жаңа ғасырдағы өзектілігін зерделеу мақсатында  өткен  онлайн байқаудың І кезеңінде біздің оқырман 50-ден астам қатысушылар арасынан  эссе мен бейнежазбалардың бағалауынан 10-үзіктер қатарынан табылып, ІІ кезеңге жолдама алған болатын. Байқаудың ІІ кезеңі  4 тамыз күні «Абай әлемі» интеллектуалды-әдеби телеbattle  түрінде өткізілді.

Айдос Исекенов  байқау ережесіне сәйкес ІІ кезенде өзінің  «Ұлы ақынға» арнауымен әділқазылар алқасының көңілінен шығып жеңіске қол жеткізді. Байқаудың жеңімпазына бас жүлдеге тігілген сыйлық-ноутбукты ұлы ақынның туған күніне арналған Абай ескерткіші алаңындағы шарада облыс әкімі Ғ. Есқалиев табыстамақ.

Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінің  музыкалық жетекшісі болып жұмыс жасайтын Айдос Исекенов жалпы өнер адамы болғандықтан жаны поэзияға жақын. Ауданымызда жас ақындардың жаңа буының құрап отырған «Ақ-Нәзік» жас ақындар клубының мүшесі, өзіндік азаматтық позициясымен адамгершілік ұстанымы бар жас маман.

Әрқашан білімін жетілдіріп, рухани өсуіне кітап себепші болған Айдос  Абай мұрасын танып-білуге ғана емес, оны ұғып, бойына сіңіріп, Абай сынды ақыл мен қайратты, білім мен адамгершілікті тең ұстауды мақсат етеді.  Алдына нақты мақсат қоя білген оның мерейі үстем болар сәттері көп боларына сенеміз.

                                                                                   Мөлдір ЖАИМОВА,

аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы