3.03.2020, 9:49
Қараулар: 100
Өзіңді эхинококкоздан қорға!

Өзіңді эхинококкоздан қорға!

Адамдарда гельминтоз ауруының әр түрі кездеседі. Солардың ішінде адам өміріне ең қауіптісі эхинококкоз болып саналады. Эхинококкоз — адамдар мен сүтқоректілер арасында кездесетін ішек құрты. Қоздырғышы ит, қасқыр, шибөрінің аш ішегінде, қой, шошқа, сиырдың мүшелері мен талшықтарында өмір сүреді. Эхинококк құрттары адам ағзасында бауырда, өкпеде, мида, жұлында орналасады.

Эхинококк құртымен зақымдануға өте байыппен қарау қажет, себебі клиникалық ағымы ауыр болғандықтан асқынуларға, мүгедектікке және өлімге әкелуі мүмкін. Эхинококк құрты адам ағзасына 3 жолмен енеді:

* асқазан-ішек жолдары;

* тыныс жолдары;

* ашық жарақаттар арқылы.

Көбіне бұл эхинококк құртымен зақымданған, жуылмаған жеміс-жидектер, көкөністер арқылы, жеуге жарамды шөптер, қайнамаған су ішумен беріледі.

Адамдарда эхинококкозды болдырмау үшін не істеу қажет?

Ең алдымен итті мал дәрігеріне көрсетіп, дұрыс күтімде ұстау керек, әр тоқсан сайын эхинококкозға қарсы дәрі-дәрмек беру қажет. Итке ауылшаруашылық малдарының шикі ағзаларын бермеген жөн, өйткені оларда эхинококкоз індетінің қоздырғыштары кездесуі мүмкін. Итті байлап ұстау қажет, оның асханаға кіруіне, төсекке жатуына, бетті жалауына жол бермеу керек.

Сонымен қатар, жеке бастың гигиена ережелерін сақтауды ұмытпаңыз, итті әр ұстағаннан кейін қолды сабындап жуып тұрыңыз, жеміс-жидектерді мұқият жуыңыз, ашық су көздерінен алынатын суды қайнатпай ішпеңіз. Осы аталған ережелерді орындау, Сізді және Сіздің жақындарыңызды қауіпті індеттен қорғайды!

 Шыңғырлау аудандық тауарлар мен көрсетілетін

қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау

басқармасының жетекші маманы М.Тұрмағамбетова