20.03.2020, 11:00
Қараулар: 329
Қамданғанға қатер жоқ

Қамданғанға қатер жоқ

Қазіргі таңда халықтың басты уайымы-қауіпті дертке айналып отырған коронавирус ауруы. Даму жағынан көш бойы алда келе жатқан алпауыт елдердің өзіне дес бермей отырған бұл дерт күннен-күнге өршіп, енді міне, елімізге де аузын сала бастапты. Мұндай жағдайда әрекетсіз, қамсыз отыруға болмасы түсінікті. Әсіресе, тарап жатқан түрлі қауесеттерде  де есеп жоқ, қорқыту, үркіту, көңілге уайым салу онсыз да «шықпа жаным, шықпамен» отырған жұртшылыққа оңай тиіп отырған жоқ. Ауырған адамның алдымен дәрігерлердің көмегіне жүгінетіні анық. Осы орайда аудандық аурухананың бүгінгі таңдағы әзірлігі қалай, бетін аулақ қылсын, алда-жалда жағдайларда қандай тосқауыл қоя аламыз, дайындық қалай деген сауалды аудандық аурхана әкімшілігіне жолдаған болатынбыз. Біздегі денсаулық сақтау мекемесі де қол қусырып қарап отырған жоқ екен. Аурухана қызмееткерлері мен науқас жандарға, емханаға келушілерге түсінік жұмыстары жүргізіліп, семинарлар өтуде екен. Фильтр кабинеті мейлінше қажетті деген құрал-жабдықтармен қамтылып, мейіргер маман тыңғылықты даярлықтан өткен.

. -Фильтр кабинетінің негізгі мақсаты жоғары дене қызуымен келген науқастарға көмек көрсету және эпидемиологиялық анамнез жинау арқылы қауіпті дертті анықтаужәне оқшаулау. Негізі әр адам жеке бас гигиенасына қатты мән бергені жөн, қолды жақсылап сабындап жуу, мейлінше адамдардың тығыз шоғырланған жерінен аулақ жүру, алысқа жолға шықпау, үйді жиі желдетіп отыру, дәрумені мол көкөністер мен ақуызды күнделікті мол пайдалну аса маңызды екенін аудан тұрғындарының есіне саламыз,-дейді аудандық аурухананың салауатты өмір салтын сақтау кабинетінің медбикесі Сатыпалды Сағидоллиева.

Ал, бүгінгі таңда сақтану құралының бірі болып есептеліп отырған бет перделердің қаншалықты жеткілікті екендігін білу мақсатымен аудан орталығында орналасқан дәріханаға хабарласқанымызда мұндағы қызметкерлер бет перденің бітіп қалғанын айтты. Алдағы күндері бола ма деген сауалымызға «білмейміз» деген жауап алдық.

Екінші дәріханада да осындай жағдай. Халықтың басты сұранысына ие болып отырған осы қорғаныш дәкесінің жеткілікті болуын  қадағалау құзырлы мпекемелердің назарында болу керек сияқты.

Иә, жаман дерттің бетін елімізден аулақ қылсын. Бірақ, бұл аурудың тез таралып, соңы қайғылы аяқталып жатқанына  әлі де сенімсіздікпен қарап жүрген жандар бар. «Сақтансаң сақтармын», «сақтықта қорлық жоқ» деген халық даналығын күн сайын жадымыздан шығармай, өз денсаулығыңызды үнемі бақылап жүру аурудың алдын алудың басты амалы.

Гүлшат ИБРАГИМҚЫЗЫ