21.08.2020, 15:41
Қараулар: 111
Тазалық пен тәртіпті тең ұстаған

Тазалық пен тәртіпті тең ұстаған

Ел басына төнген жаман індеттің тұзағынан құтылып, қалыпты өмірімізге қайта оралуымыз үшін әркім әл-ауқаты, қажыр-қайраты жеткенше тырысып жатыр. Бұл ретте ақ халатты абзал жандардың атқарып жатқан жұмысы ұшан-теңіз. Отбасынан жырақтап, жалпақ жұрттың саулығы үшін басын бәйгеге тігіп, жанкешті еңбек етіп жүрген дәрігерлер қауымына бүгінгі күні қандай құрмет көрсетсең де артықтығы жоқ. Алайда, дәрігерлерден бөлек, аурухананың  тазалығын сақтап, гигиеналық талаптарды орындап жүрген, есімі естілмесе де, еңбегі өзгелерден бір мысқал кем түспейтін  санитарлар көптің аузына іліге бермейді. Дәрігерлермен иық тіресе науқастарға қызмет қылып жүрген аудандық орталықтандырылған емхананың санитарларымен тілдесудің сәті  түсті.

«Біздің қызметіміз емхана ішінде болғандықтан оның тазалығы, санитарлық нормалардың толық сақталуы, белгілі уақыт аралығында бөлмелер мен дәліздердің желдетіліп тұруын қадағалау біздің міндетімізге кіреді. Одан бөлек өзімізге бекітілген дәрігерлердің күнделікті пайдаланатын құрал-жабдықтарының таза тұруын үздіксіз назарда ұстау тағы бар. Адамның денсаулығын бақылайтын мекемеде қызмет еткендіктен жауапкершіліктің жүгін бір кісідей сезінеміз»,-дейді  аудандық емхананың тазалықшы-санитары  Айнұр Жұмағалиева.

«Емханада тазалықшы қызметін жасап келе жатқаныма он жылдан астам уақыт өтіпті. Бір оқиға ерекше есімде қалды. Кішкентай мектеп жасындағы балақай әжесіне еріп, екпе алуға келген болатын. Бала атаулының барлығы инеден қорқады емес пе? Әлгі бала әжесіне көнбей, жылап-сықтап біраз әбігерге салды. Көзіммен көріп тұрғасын «Сен батыр бала емессің бе? Батырлар инеден қорқушы ма еді» деп мен де алдап-сулап жатырмын. Содан әлгі бала мені қолымнан жетектеп екпе жасайтын бөлмеге кіргізіп алып, «Апатай мен сізді құшақтап тұрайыншы. Сонда  қорықпаймын» дейді. Мені тас қылып құшақтап алып, екпесін алды. Содан он күн бойы екпе жасайтын бөлмеге әлгі кішкентай баламен бірге кірдім. Әжесі дән риза. «Сен болмасаң мына бала «Өткендегі апа қайда екен» деп іздеу салады» деп күліп, рақметін айтып қоштасты.  Міне осындай қызықты оқиғалар бастан өтіп жататын кездер бар»,-дейді Айнұрдың әріптесі Гүлжаз Адиева.

Өз істеріне әбден берілген қызметкерлерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Еңбектеріңіз еленіп, елдің ықыласына бөленіп аман жүргейсіздер!

                                                                                             Самат БАЙБОЛАТ