17.06.2020, 17:50
Қараулар: 25
Қос ауылға таза су жіберілмек 

Қос ауылға таза су жіберілмек 

Бүгінде аудан тұрғындарының 89 пайызы таза ауыз сумен қамтылды. Енді міне, «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, ауданымыздың Ардақ пен Ақтау ауылдық округтерін таза сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары басталып кетті.

Ақтау ауылында су өткізу жұмыстарына 156 млн 800 мың теңге бөлініп, оның құрылысын «Болат-Д» ЖСШ мердігері жүргізуде. Ал Ардақ ауылына су өткізу жұмыстарына «Қалдығайты» ЖШС мердігер деп танылып, бюджеттен 129 млн 924 мың теңге бөлінген. Бүгінде екі ауылда да су резервуарларын тазартып, жер қазу жұмыстары жүріп жатыр.

«Екі ауылдық округте таза ауыз су өткізу жұмыстары жоспарға сай уақытында басталды. Қос мердігер де жылдың аяғына дейін бітіреміз деп отыр. Егер де осы Ардақ пен Ақтау ауылының ауыз су мәселесі шешілсе, аудан көлемінде 93 пайыз ауыз сумен қамтылады деген сөз. Ендігі кезекте, Сегізсай, Ақсуат, Ақсоғым, Ұрысай, Қайынды секілді шағын ауылдарға су өткізу құрылыс жұмыстарын жүргізуге және Қарағаш ауылының су өткізу жүйесін қайта реконструкциялауға ЖСҚ жасақталды. Бүгінгі таңда құжаттар сараптамада. Егер бұл мәселе оң шешімін тапса, аудан 100 пайыз сумен қамтамасыз етіледі» дейді аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы Уралбаева Әсел

Әр үйдің табалдырығына дейін өткізілетін су құрылыс жұмыстарына қос ауылдан да 10 адамнан жұмысқа тартылған. Екі ауылдың мердігерлері де жұмыстарды жоспардан бұрын аяқтауды көздеп отыр. Оған барлық техникаларымыз дайын және жұмысшылар да жеткілікті дейді құрылыс мамандары.

Аман ІЗМҰХАН.

Шыңғырлау ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар