8.05.2020, 11:15
Қараулар: 44
Сынақтан сүрінбей өтейік

Сынақтан сүрінбей өтейік

Бүгінгі таңда бүкіл әлем өте күрделі ахуалды бастан өткеруде. Дүние жүзін коронавирустың таралуы алаңдатып отыр. Біз осы тұста бар күш жігерімізді жұмсап, бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қасиеті де, қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтай отырып, «Мәңгілік ел» болуымыз керек. Коронавирус жұқпасының алдын алу, оның таралуына жол бермеу бағытында ауданымызда да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Басты мақсат — қатерлі індеттің таралуына жол бермеу және аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау болып табылады.Өздеріңізге белгілі, төтенше жағдайға байланысты Қазақстанда бүгінгі таңда ҚР Министрліктерінің бірлескен бұйрықтарына сәйкес, Батыс Қазақстан облысы бойынша 9 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек бағалары бекітілді. Жуырда аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Р.Еслямов,аудандық мәслихат хатшысы Г.Волкогон, аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері М.Османғалиева аулан орталығындағы сауда нүктелерін аралап,ондағы шекті бағалар бекітілген тоғыз түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлеріне зерделеу жасады.Топ мүшелері «Теща», «Астана», «Патриот», «Бәйтерек», «Лидер», «Самат», «Сарқырама», «Парк», «Мерей», «Табын», «АЗС», «Новый» сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар тағам түрлеріне қойылған шекті бағамен сатылып жатқан азық- түлік өнімдерінің бағаларына назар аударды. Осындай кезеңде экономикамыздың тірегі – шағын және орта бизнестің кейбір өкілдерінің төтенше жағдайды пайдаланып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын біршама көтеріп отырғаны қынжылтады. Негізгі алға тартатын уәжі — тауарлардың көтерме сауда орындарынан сатып алу құнының жоғары болуы.Барлық сауда нысандарын аралағаннан кейін шекті баға белгіленген тоғыз өнімге бағаның тұрақты болуына жетісуге жұмыстар жүргізу үшін аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөліміне ескерту хат жолданды. Бұған қоса әрбір сауда орындарындағы тазалық мәселесі де комиссия мүшелерінің назарынан тыс қалмады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жағдайларға байланысты әлеуметтік-экономикалық шаралардың жаңа пакеті мен дағдарысқа қарсы бағдарламаны жариялады. Онда елімізге Төтенше жағдай енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықты қолдау жөнінде қосымша іс-шаралармен қоса, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру туралы маңызды шешім қабылданды. Бұл шағын және орта бизнес өкілдеріне көрсетіліп жатқан қамқорлық деп біліп, өз кезегінде бизнес өкілдерінің де “мен еліме не беремін”дейтін сәттің келгенін сезінулері  қажет деп есептейміз.Жұмыр жер бетіндегі адамзатқа келген індеттің алдын алу үшін жергілікті билік те, дәрігерлер де қолдан келгенше күресіп жатыр. Мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатқан шақта аудан кәсіпкерлері бірігіп, халыққа ауырлық түсірмей, негізгі тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасын өсірмеуге деген байыпты шешім қабылдайды деп ойлаймыз.
«Індет, дағдарыс дегеніміз-уақытша, өтпелі құбылыс» — деп Қазақстан Президенті атап өткен болатын. Ендеше, қиындық туған кезде сауда-саттық иелері халық тұтынатын негізгі азық — түлік тауарлардың үстінен пайда көрмей, бекітілген шекті бағамен ұсынып, адамгершіліктің биік үлгісін көрсетіп, ауылдщастарына шынайы жанашырлықтің үлгісін көрсетеді деп сенеміз.
Біз біргеміз. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлі­гімізден айрылмайық. Тұңғыш Елбасы,партия Төрағасы Н.Назарбаев «Ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы болған жерде ғана игілік пен ізгілік қатар өркен жаяды»-деп атап көрсеткен болатын. Ендеше осы қасиетті қағида әрбір азаматтың жадынан, жүрегінен орын алуы керек.
Адам бойындағы ең асыл қасиет адамгершілік. Жанның жақсы емі-ол жақсылық. Қиын кезеңде елдің жәйін ойлайтын азаматтарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін шекті бағада ұсынып, игілікті іске жұмыла атсалысуға шақырамыз.

 С.Байтенова,
”Nur Otan”партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар