12.06.2020, 17:41
Қараулар: 28
Мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды

Мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды

Шыңғырлау ауданы орталығынан 80 шақырым орналасқан Ақшат ауылындағы А.Тихоненко атындағы ОЖББ мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары басталды. 1972 жылы салынған ғимараттың құрылысына «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде республикалық бюджеттен қаражат бөлінген болатын.

Мектептің жалпы сыйымдылығы 800 орын 3784 шаршы метрді құрайтын білім ордасының жөндеу жұмыстарын «Жиенбай» ЖШС жүргізуде. «Жөндеу жұмыстары 12 мамыр күні басталып, жоспарға сәйкес 4 ай мерзім ішінде 11 қыркүйекке дейін бітіруіміз керек. Дегенмен, 1 қыркүйекке алғашқы қоңырау салтанатына үлгереміз деген ойдамыз. Бүгінде бұзу жұмыстары аяқталып, енді жаңарту, орнату, майлау жұмыстары жүріп жатыр. Барлық техникалар мен құрал-саймандар жеткілікті. Мемлекеттік бағдарлама негізінде құрылыс жұмыстарына атсалысуға жергілікті жерден аудандық жұмыспен қамту орталығы тарапынан 72 адам қамтылады. Қазір жұмыстың түріне байланысты Ақшат ауылының әзірге 50 адамы жұмыс жасап жатыр» дейді «Жиенбай» ЖШС-нің учаскі бөлімінің басшысы Амангелді Тебилов.

1400-ге жуық тұрғыны бар Ақшат ауылында мектеп жасындағы 245 оқушы бар екен. «Біздің мектеп 3 қабатты екі корпустан құралған үлкен ғимарат. Жыл сайынғы ағымды жөндеу жұмыстарын есептемегенде 1972 жылы салынған корпусына тек 2008 жылы тек шағын, яғни жартылай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал екінші корпусы 1989 жылы салынып, күрделі жөндеу жұмыстары мүлде жүрмеді.  Биылғы жылы күр­делі мәселенің түйіні шешілгеніне оқушылар да, ата-аналар, ұстаздар да риза» дейді мектеп директоры Қайрат Каукиев.

Жөнделген ғимарат заман талабына сай құралдарымен жабдықталып, түгелдей жаңартылмақ. Атап айтқанда, жиһаздарын, техникаларын есептемегенде, асхана мен жуанытын бөлмелері, заманауи білім беруге бағытталған  жаңартылған модификалиялық кабинет пен робототехника кабинеттері, пән атауына байланысты жабдықтар және мектеп ауласында спорт алаңы мен хоккей қорабының болатын болады.

Осындай әлеуметтік маңызы зор нысан күрделі жөндеуден өткен соң болашақта оқушылардың сапалы білім алуына негіз болатыны сөзсіз.

Ал, жұмысшыларға іске сәт дей келе, сапаға аса мән беруді ұмыспаса деймін.

 

Аман ІЗМҰХАН

Шыңғырлау ауданы

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар