27.02.2020, 10:15
Қараулар: 237
Көктемге дайындық басталды

Көктемге дайындық басталды

Ақпан айының бел ортасында ауа райы бірден  жылынып, жаңбыр жауып, қар ери түсуіне байланысты аудан көлемінде су тасқынының алдын алу жұмыстары басталды. Жалпы биыл ауданымыз облыс көлемінде ең қардың мөлшері ең көп аудан болып есептеліп отыр. Қардың қалыңдығы 30 см, жердің тоңы 13 см, мұздың қалыңдығы 30-40 см аралығында.

Аудан орталығынан еріген қар суының өту арықтары тазаланып, 4 бірлік техниканың күшімен 2 күн ішінде көшелердегі 540 м3 көлемінде қар шығарылған. Тұрғын үйлерді су басуының алдын алу үшін 3000 қап алынып, әзірге оның 400-і құммен қапталған.  Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Д.Есенов: «Биыл ауа райының ерте жылыну салдарынан дайындық жұыстарын да ерте бастадық. Су тасқыны қатері болған жағдайда 9 ауыр жүкті техника, 5 мотопомпа, УАЗ автокөліктері әзірленіп, бүгінгі күнге қар шығару жұмыстары басталды. Қайынды және Ақтау ауылдарының маңайындағы су айдындарын тексердік. Қауіп деңгейі төмен»,- дей келе, аудандық маңызы  бар автожолдарда орналасқан 35 су өткізу құбырларына да тазарту жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.

Сәрсенбі күні су басу мезгіліне дайындықты пысықтау мақсатымен төтенше жағдайлар бөлімімен «Көктем-2020» республикалық командалық штабтың оқу-жаттығуы ұйымдастырылды.

Оқу-жаттығу биылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде ықтимал төтенше жағдайларды жою шараларына азаматтық қорғаныс органдарының күштері мен құралдарын дайындығын тексеру, іс-әрекетті пысықтау үшін ұйымдастырылған оқу-жаттығуға ауданымыздың барлық дерлік азаматтық қорғау қызметтері қатысты. Оқу-жаттығу барысында аудан әкімі аппаратының басшысы Т.Сағынгереев пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Д. Есенов су тасқынының алдын алу мен техникаларының  дайындығын қадағалап, тиісті сала мамандарына сұрақтарын қойды.

Аман ІЗМҰХАН

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар