17.01.2020, 18:16
Қараулар: 318
Жаңа формат талқыланған жиын

Жаңа формат талқыланған жиын

Шыңғырлау ауданына іс сапармен келген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.Қонысбаева және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының орынбасары Д.Исқақова «Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа әдістері» тақырыбында жиын өткізді. Жиынға ауылдық округ әкімдері және округ бойынша жәрдемақыларды тағайындауға жауапты мамандар мен халыққа көрсету орталығының ассистенттері, мекеме бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Саян Баймұхановтың аудан көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алу бағытында атқарылған жұмыстар жөніндегі баяндамасымен басталды. Саян Қуанышұлының хабарлауынша ауданымызда өткен жылы 170 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің №320 бұйрығына енгізілген өзгерістерге байланысты жүргізілген қайта санақ нәтижесінде 170 отбасының 35-і атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып, 4 млн 144 мың теңге көлемінде қаражат кері қайтаруға жататындығы анықталған. Бүгінгі таңда 1 млн 34 мың теңге қаражат немесе 25 пайызы қайтарылғандығын баяндады.

Облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Тишанқызы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларына енгізілген өзгерістер туралы баяндай отырып, округ әкімдеріне әлеуметтік жәрдемқы тағайындауда нағыз мұқтаж отбасылардың алуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы орган өкілдеріне аз қамтылған санаттағы азаматтарды түрлі жұмысқа орналастыруды және жеке шаруашылығын дамытуға грант алуға қолдау көрсету арқылы аз қамтылған санатынан шығару бағытында жұмыстануға шақырды.

Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының орынбасары Ділдәш Салауатқызы да заңнама саласындағы соңғы өзгерістерді баяндай келе, ауылдық округтерден келген мамандардың сұрақтарына жауап берді.

                                            Аман Ізмұхан

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар