12.02.2020, 11:26
Қараулар: 17
Бесік болған талай жанға құт мекен

Бесік болған талай жанға құт мекен

Ақ қайыңы тербелер мың бұрала,

Бақыт құсы қонатын жыр бағына.

Баһадүр Бөкенбайдың ізі қалған,

Қош келдіңіз, Шырайлы Шыңғырлауға.

 

Жаз жайлауы оранып желегіне,

Құлпырады тау-тасы, терегі де.

Асан Қайғы бұл жерде мауқын басып,

Риза болған тамсанып Елегіме.

Өлеңменен ақтарып барша сырын,

Таң қалдырған ел-жұртын әнші-ақыны.

Неткен көркем Аққұм мен Сарқырама,

Шоқай терек, Торатбас, Ханшатыры.

 

Ұл-қызы бар шетінен батыр бәрі,

Шежіресі тарих боп жатыр әне.

Қойшыбайдай қарты бар көпті көрген,

Бар Қаршыға, Адақтай ақындары.

Қонақ келсе кең пейіл, жайдарымыз,

Құламайды тұғырдан байрағымыз.

Ресеймен шекаралас жатсақ дағы,

Бұзылмаған қазақы қаймағымыз.

 

Ақ қайыңы тербелген мың бұрала,

Бақыт құсы қонатын жыр бағына.

«Бесік болған талай жанға құт мекен»

Қош келдіңіз, Шырайлы Шыңғырлауға!

 

 

Шыңғырлауым-шаңырағым!

 

Шыңғырлауым, шұрайлы Шыңғырлауым,

Тыңдап өстім бағыңнан бұлбұл әнін.

Шалғыныңа ойнақ сап, құмыңа аунап,

Қанар ма еді, шіркін-ай, бір құмарым!

 

Теріп сенің қырыңнан дала гүлін,

Парақтадым жасымнан баба жырын.

Сен тербеткен бесікте тербетіліп,

Құшағыңда өтті әсем балалығым.

 

Тамырымда тасыса талмай қаным,

Сағыныш боп қиялда самғайды әнім.

Ақ мамамның аңсаймын әлди-жырын,

Ақ әжемнің аңсаймын балқаймағын.

 

Ерттеп мініп атамның арғымағын,

Дала кезіп қандырам жан құмарын.

Шалғай кетсем қарсы алар құшақ жайып,

Шыңғырлауым-киелі шаңырағым!

 

Самат Байболат

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар