18.02.2020, 10:49
Қараулар: 320
Балық қапқан күн

Балық қапқан күн

Ауданымыздың аумағында су айдындары көп. Табиғат аясында дем алып, балық аулайтын әуесқойлар жаз  айларында өзен-көлдердің маңында қармақтарын суға салып қойып, сабырмен балық қапқан сәтті күтеді. Қыс мезгілінде де олар көл беттерін ойып, балық аулауға құмар-ақ. Жуырда осындай әуесқой балық аулау кәсібіне қызығушылықты дамыту және мұз астындағы балықтарды қажетті оттегімен қамтамасыз ету мақсатында «Шыңғырлау» спорт клубы қысқы балық аулаудан қызықты жарыс ұйымдастырды.

Күнілгері балық аулаудың ережесі таныстырылып, шараға қатысушылардың тізімі пысықталды. Белгіленген уақытта басталып кеткен шараға ауылдық округтерден, мекеме- бөлімдерден, Ақсай қаласынан 100-ге жуық адам қатысты. Жарыс талаптарына сай балық аулаудың тәртібін сақтап, амал-айлаларын да көрсете алған балықшылар қызықтаушы жұртшылықтың көңілдерінен шығуға тырысып бақты. Нәтижесінде, І орын – Жаңакүш, ІІ орын – аудандық теміржол, ІІІ орын — Қосжановтар командаларына бұйырды.

Көп жылдық тәжірибелерін көрсетіп, ерекшеленген қатысушылар арнайы аталымдарды иеленді. «Ең үлкен жыртқыш балық» иесі Абат Байғалиев (теміржол командасы), «Алтын балық» ұстаған  Тілекті Мұрадимов  (Ұрысай командасы), «Ең үздік балықшылар» аталымымен Ақсай командасы марапатталды. Жеңімпаздарға «Шыңғырлау» спорт клубы атынан арнайы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.

Таза ауада демалып қана қоймай, балық аулап, әр ұстаған балықтарына балаша қуанған әуесқойй балықшылар  жиналғандарға сол күні керемет көңіл-күй сыйлады.

Гүлім Шынтас

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар