2.07.2020, 9:57
Қараулар: 115
                  Ақшатта бас көше жөнделуде

                  Ақшатта бас көше жөнделуде

Шыңғырлау ауданында жол мәселесі жылдан жылға оң шешімін тауып, жөнделген жолдардың саны артып келеді. Аудан орталығы көшелеріндегі және ауыл арасындағы күрделі жөндеуден өткен тақтайдай тегіс жолдың арқасында қатынас жеңілдегені сөзсіз.

Енді міне, кезек аудан орталығынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан Ақшат ауылына да жетіп, Б.Мұхамбетов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындарды толғандыратын мәселе биыл шешімін тауып, «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 211 млн теңге қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Айдана» ЖШС жүзеге асыруда. 15 мамыр күні басталған жұмыстар жарты жыл мерзім аралығында жүзеге аспақ. 3 шақырымнан астам асфальтталған жол бойымен жаяу жүргіншілерге арналып тротуар да салынбақшы. Арнайы жол белгілері де орнатылады. Ауылдың бас көшесінің бойында барлық дерлік әлеуметтік нысандар орналасқандықтан, қатынас барлығына жеңілдемек. Жергілікті тұрғындар да жолдың күрделі жөндеуден өтіп, ауылдың ажары кіретініне қуанышты.

Мердігер «Айдана» ЖШС-нің өкілі Жамхарян Вазген: «Талапқа сай берілген уақыт ішінде жол жөндеу жұмыстарын бітіреміз деген ойдамыз. Барлық техникаларымыз бен құрал-саймандарымыз дайын және заман талабына сай. Жұмысшылар да жеткілікті, келісімшартқа сай Ақшат ауылының 6 тұрғыны жұмыспен қамтылды. Дегенмен, жұмыс жасауға ниет білдіргендер болса, қосымша жұмысшы қолы бізге артық етпейді»,-дейді.

 

Аман ІЗМҰХАН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар