30.07.2020, 10:51
Қараулар: 65
Ағымдағы жұмыстармен танысты

Ағымдағы жұмыстармен танысты

Облыс әкімінің бірінші орынбасары М.Манкеев Шыңғырлау ауданына жұмыс сапарымен келді.  Сапар барысында Мұхтар Наурызбайұлы ауыл шаруашылық саласындағы шөп шабу науқанымен және аудан көлемінде жүзеге асып жатқан жұмыстармен танысты. Облыс әкімінің орынбасары ең алдымен Алмаз ауылына ат басын бұрып, «Баянас», «Жомарт» шаруа қожалықтарын аралап, кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігімен жақын танысты. «Шаруа қожалығында 5000 гектар көлемінде жер бар. Биыл 1500 гектар жерде 3 агрегат техникасымен 80 мың тонна шөп шабылып,  қысқы мал азығы 100 пайыз дайындалды»,- дейді «Жомарт» шаруа қожалығының басшысы Дастан Ульяров. Одан кейін Мұхтар Наурызбайұлының жұмыс сапары Ақшат ауылында жалғасып, «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында А.Тихоненко атындағы орта жалпы білім беретін мектебінде және Мұхамбетов көшесінің автожолында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын аралап көрді. Білім ордасының құрылыс жұмыстарын жөндеуге жауапты «Жиенбай» ЖШС және жол құрылысын бастаған «Айдана» ЖШС-ң өкілдерімен кездесіп, сапаға мән беруді жете тапсырды. Бұл ауылдық округте де облыс әкімінің орынбасары шаруа қожалығы жеткешілерімен кездесіп, қысқы маусымға дайындық жұмыстарын қарады. Қажетті шөп қорын жинақтап болған соң, өзге аудандарға да сатылымға шығару жолын қарастыруды ұсынды.

Облыс басшысының бірінші орынбасары Ақбұлақ ауылында мамыр айында басталған жаңа мәдениет үйінің құрылыс жұмысын қарап, жергілікті тұрғындардан қанша адам жұмысқа қамтылғандығын анықтап, құрылыс барысында қазақстандық өнімдерді қолдану, уақытында үлгеру секілді тапсырмалар берді.

Бұдан кейін Мұхтар Наурызбайұлы Шыңғырлау ауылына бет алды. Аудан орталығында «Дән» мәдениет үйінің және Тасмағамбетов көшесінің автожолына, дене шынықтыру кешенінің нысанына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына қанық болды.

Аман ІЗМҰХАН

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар