31.01.2020, 17:13
Қараулар: 19
Ардагерлер ұйымының есебі тыңдалды

Ардагерлер ұйымының есебі тыңдалды

Аудандық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сабырғали Самиевтың 2019 жылы атқарылған жұмысының есебі тыңдалды.

Жиынға аудан әкімі Е.Тұрмағамбетов, «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, ауыл ақсақалдары мен зейнеткерлер, мекеме, бөлім басшылары қатысты.

Бірлестік төрағасы Сабырғали Сәмиұлы өз баяндамасында ауданымызда 20 бастауыш ұйымдардан тұратын 1970 зейнеткер бар: оның 103 тыл ардагері, 11 Ұлы Отан соғысының жесірлері, 126 алтын алқа, 125 күміс алқа иегерлері, Ауғанстан ардагері — 10 адам, Чернобыль ардагері – 5 адам, Невада-Семей полигонынан зардап шеккендер — 44 адам деген статистикалық ақпарат келтіре отырып, өткен жылы екі Ұлы Отан соғысы ардагерлерімізден айырылып қалғанымызды өкінішпен айтып өтті. Сонымен қатар, ұйымның жұмысына кеңінен тоқталып, аудан ақсақалдарымен бірлесіп ұйымдастырылған ауқымды шараларға тоқталды.  Әсіресе, зейнеткерлік жаста болса да аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүрген Елім-ай» әжелер ансамблі мен «Асыл қазына» тобын және ардагерлер арасында бата айтудан, қара өлең орындаудан, түрлі спорттық ойындардан көзге түскен жандарды атап өтті.

Өз кезегіңде сөз алған аудан әкімі Ержан Рысжанұлы «Қариясы бар үйдің қазына бар» дей келе, ауданымыздық қоғамдық өміріне етене араласып жүргендері үшін қазыналы қарттарымызға алғысын білдірді.  Әсіресе, «Жастық шақ – даналықты меңгеруге, ал кәрілік – оны қолдануға арналған уақыт» деген аудан әкімі үстіміздегі жылдың Абай атамыздың 175 жылдығы, Ұлы Отан Соғысының 75 жылдығы, Ассамблеяның 25 жылдығы, т.б. айтулы даталарды жүзеге асыруда қазыналы қарияларымыздың ақыл-кеңестері өте қажет екендігін жеткізді.

Басқосу барысында жиынға қатысушылар қоғамдық бірлестіктің жұмысына және аудан мәселесіне қатысты ұсыныс-сұрақтарын ортаға салды. Мәселен, ардагерлер ұйымын көлікпен қамтамасыз ету, келер жылы көптің бағасын түсіру, ауыл арасындағы бұралқы иттердің санын азайту, «Елім-ай» әжелер ансамбілінің 20 жылдығын жоғары деңгейде атап өту, ауруханада ем алу секілді мәселелер көтерілді. Аудан әкімі барлық айтылған ұсыныстарды ескеріп, жауап берді.

Екі сағатқа созылған жиын соңында ардагерлер кеңесінің мүшелері «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сабырғали Самиевтың есепті кезеңдегі жұмыстарына жақсы деген баға берді.

Аман Ізмұхан

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар