22.09.2020, 16:32
Қараулар: 43
Республикалық конкурстан олжалы қайтты

Республикалық конкурстан олжалы қайтты

Жақында Алмаз ауылдық округінің оқушысы Жантуринова Алмагүл Алматы қаласында өткен республикалық байқаудан жүлдемен қайтты. Еліміздің түкпір түкпірінен жиналған өнерпаздарымызбен қоса байқауға Ресей, Грузия, Түркия сынды алып елдерден жүзден аса өнерпаз қатысты. Жүзден жүйріктердің бірі болып біздің жерлес қызымыз Алмагүл алға суырылып, жүлделі 3 орынды қанжығасына байлады. Оның бойындағы талантын дамытып, жетістікке жеткізуге талпынып жүрген ұстазы әрі жетекшісі Гүлнар Төлегенқызы Алмагүлдің өте қабілетті, алғыр қыз екенін және  болашақта алар асуы көп екенін айтады.

Бастапқыда Алмагүл «Мен де жұлдыз боламын» атты онлайн-байқауға қатысып, Алматы қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама ұтып алады. Байқау Алматы қаласында ұйымдастырылып, оған басты тақырып Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы болады.  Вокал, би, көркемсөз сынды бірнеше жанрды қамтыған сайыста Алмагүл Абай атамыздың шығармаларын нақышына келтіре оқып, баршаны тамсандырады. Жалпы өнерлі қызымыз бұдан басқа да сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.

«Мен де жұлдыз боламын» өнер орталығы 2 жылдан бері жұмыс жасап келе жатыр. Орталық талантты балаларға вокал, актерлік шеберлік курстары бойынша бағыт-бағдар беріп отырады. Сонымен қатар өнер орталығында балалар ән жаздырып, бейнебаян түсіріп, жеке концерттерін де беріп үлгерген. Ал осы сайыстың басты мақсаты – Абай атамыздың шығармаларын кеңінен насихаттау және ұлттық құндылығымыздың дамуына үлес қосу. Байқаудың екінші кезеңінде өнерпаздар топтық өнер көрсетті. «Жалпы байқау өте жоғары деңгейде өтті» — дейді республикалық байқаудың жүлдегері Жантуринова Алмагүл.

«Көзінде оты бар баланы көріп одан әрі жандандырғым келеді: әр бала мен үшін жұлдыз» — дейді Алмагүлдің жетекшісі Гүлнар Төлегенқызы. Осындай жас таланттарымыз бойындағы өнерлерін жасырмай, барша Қазақ еліне паш етсе, бойындағы дарынын әрі қарай дамыта берсе дейміз.

Айбарша Лекерова,

Шыңғырлау ауданы