18.09.2020, 18:11
Қараулар: 65
Марапат жауған күн

Марапат жауған күн

Шыңғырлау ауданына облыстық Білім және Ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаев пен облыстық білім беруді дамыту орталығының жаратылыстану-математика бағыты бойынша бөлім басшысы Саягүл Әліпбаева іс-сапармен келді. Іс-сапар мақсаты – биылғы жылы білім саласында кезекті жетістікке ие болып, республикалық  «Үздік аудандық әдістемелік кабинет» байқауында І орын иеленген әдістемелік кабинет ұжымын салтанатты түрде марапаттау.

Шара барысында сөз алған Марат Оразалыұлы ұжымға шынайы алғысын білдіріп, әдістемелік кабинет меңгерушісі Мәнсия Ғабдолқызын «Білім және Ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттап, әдістемелік кабинет ұжымына Қазақстан білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы атынан ноутбук табыс етті. Сондай-ақ педагогтері республика көлемінде жетістікке жетіп жүрген информатика пәнінің әдіскері Тілеген Оразовты, география-жаратылыстану пәндерінің әдіскері Аида Кужиеваны, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің әдіскері Әсел Жаналиеваны облыстық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының «Құрмет Грамотасымен» марапаттады. Мұнымен қоса Марат Оразалыұлы әдістемелік кабинет ұжымына Қазақстан аумағының шипажайларында сауықтыру үшін 4 маманға тегін жолдама, өткен жылы республикалық «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» байқауында Бас жүлде иеленген Самат Байболатқа «Сарыағаш» шипажайына тегін жолдама табыстады.

Облыстық білім беруді дамыту орталығының жаратылыстану-математика бағыты бойынша бөлім басшысы Саягүл Әліпбаева әдістемелік кабинет ұжымына облыстық білім басқармасының басшысы А.Мыңбаеваның атынан республикалық  «Үздік аудандық әдістемелік кабинет» байқауының облыстық кезеңіндегі І дәрежелі, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ж.Жилбаевтың І дәрежелі дипломдарын табыстап, Elab.Asia цифрлық академиясы атынан цифрлық технология бойынша 3 курсқа тегін сертификат және республикалық «Открытая школа» журналына бір жылдық тегін сертификат табыстап, республика көлемінде облыс намысын қорғаған әріптестеріне ақжарма тілегін арнады.

Шара соңында сөз алған аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Үміт Утебаева кәсіподақ атынан Мәнсия Ғабдолқызына Алғыс хат табыстап, алдағы еңбек жолына толағай табыстар тіледі.

Самат СЕРГЕЙҰЛЫ