25.05.2020, 12:02
Қараулар: 44
 Мазмұнды демалуға мүмкіндік мол

 Мазмұнды демалуға мүмкіндік мол

       Қандай жағдай орын алмасын балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қашанда басты назарда болуы керек. Аздаған күндерден соң сабақ аяқталып, аудан-ауыл балалары жазғы демалысқа шықпақ. Баланеың аты бала, мынау төтенше жағдай кезінде үйден шықпай, қатарластарымен бірігіп ойын да ойнамай үйде отыру, қашықтан оқу оларға да оңай тимегені анық. Оларға да жаз күндерінің қызығына бөленуге қалай болғанда да барлық жағдай жасалуға тиіс. Осы мәселе қалай шешілмек, қандай жоспарлар бар, осыны білу мақсатымен аудандық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлнар Абишеваға хабарласқан болатынбыз.

-Иә, оқу жылының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Оқушылардың төртінші тоқсаны оларға да, ұстаздар қауымына да бірталай салмақ салғаны жасырын емес. Сол себепті де, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, олардың алаңсыз ойнап-шынығуларына барлық жағдай туғызуды басты мақсат етіп отырмыз. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «2020-2023 жылдарға арналған каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 14 қаңтардағы № 1-р өкімін іске асыру мақсатында ауданымызда «Балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының» ұйымдастыруымен «Достық» шатырлы, «Балалармен мектептен тыс жұмыс орталығының» ұйымдастыруымен «Арай» жазғы демалыс лагері және 16 білім беру ұйымдарының жанынан мектеп лагерлері өз жұмыстарын бастағалы отыр.  Жыл сайын демалыс уақытында оқушылардың толық демалуларына, танымдық, шығармашылық және қоғамдық белсенділіктерінің артуына, ой еңбегі мен қол еңбегінің, сондай-ақ, ғылыми, спорттық қабілеттерінің қалыптасуына жағдай жасау мақсатын көздейтін лагерлердің бірі-«Арай» жазғы демалыс лагері. Аталған лагерь өз қызметі шеңберінде әр кезеңде 45 оқушыдан, барлығы 4 кезеңде 180 оқушыны қамтиды. Лагерге аудандық білім беру бөліміне қарасты 16 мектептің оқушылары жіберіледі.

-Лагерь оқушыларды несімен қызықтыра алады, қандай жоспар аясында жұмыс жүргізілмек?

— Мұнда балалардың  демалысын қызықты етіп өткізуі үшін арнайы ойын алаңдары мен қаңқалы бассейндер де бар. Әр кезеңінде балаларға арналған үйірмелер жұмыс жасайды. Өткен жылы «Ағылшын тілі», «Робототехника» үйірмелері ұйымдастырылса, биылғы жылы ұл балаларға арнап «Ағаш шебері», ал қыз балаларға «Фото өнері» үйірмелері жұмыс жасайтын болады. Лагерьге бекітілген мұғалімдер мен осындай өнерге баулитын тәлімгерлер балалардың қандай да бір өнер түрін меңгеріп шығуларына көмкктесіп, олардың қызығушылықтарын одан әрмен дамыта түсу үшін еңбектенетін болады.

-Бұған қоса аудан‑ауылдарда мектеп жанындағы лагерьлер жұмысы жалғаса ма?

-Иә, мектеп жанындағы жазғы демалыс лагерлерінде де бұл бағыттағы шаралар  жүзеге асырылатын болады. 16 мектеп жанынан ұйымдастырылатын лагерьлер 1239 оқушыны қамтылғалы отыр. Оның ішінде жеке санаттары бойынша, әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың балалары да бар. Орта мектептерде 4 ауысымнан, ал негізгі мектептерде 2-3 ауысымнан және бастауыш білім беретін мектептерінде 1 ауысым бойынша жұмыстанатын болады. Мектеп жанындағы лагерьлерде оқушылар бір реттік ыстық тамақпен қамтылып, бейімдеріне қарай үйірмелерге қатысатын болады.

Бұған қоса аудан оқушыларын тарихи жерлермен таныстыру, туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттыру, елжандылық сезімдерін ояту мақсатын көздейтін «Балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының» ұйымдастыруымен «Достық» шатырлы лагері де оқушылардың жазғы демалысының қызықты өтуіне өз үлесін қосқалы отыр. «Шыңғырлаудың жеті кереметі» саналатын ерекше көрікті, тарихи орындарға экскурсиялық саяхаттар ұйымдастыратын «Достық» шатырлы лагері 3 кезең бойынша 120 оқушыны қамтығалы отыр.  бір сөзбен айтқанда, балалардың жазғы демалысын тиімді де мазмұнды өткізуге барлық жағдай жасалатын болады. Тек оқушыларымыз беріліп отырған мүмкіндікті тиімді пайдалана білгендері жөн. Балаларға жарқын көңіл-күй сыйлап, қуанышқа бөлеу, оларға мағыналы да тиімді, қызықты демалыс сыйлау біздің басты мақсатымыз!

Жазып алған: Г.ИБРАГИМҚЫЗЫ