17.08.2020, 16:21
Қараулар: 159
Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Қыркүйек келіп, күз түсетін де уақыт алыс емес. Алда санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталмақ. Әлемді жайлаған аты жаман індеттің кесірінен ата-ананың да, оқушылардың да көңілі алаңды. Өйтпегенде қайтсын? Өткен оқу жылын үйде отырып, телефонның тұтқасынан түспей, әйтеуір, қиюын тауып аяқтадық. Енді міне, оқушылардың жазғы демалысы да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналардың да, ұстаздардың да жауапкершілігі күшейіп, оқушылардың мектепке деген сағынышы артып, көңілдің алай-дүлей толқуы басталды. Жаңа оқу жылы қалай болмақ? Білім беру бөлімінің биылғы оқу жылының басталуына дайындық деңгейі қандай,  оқушылар қайтіп, қандай платформалар арқылы білім алмақ деген сауалдарды мақаламызға арқау етіп, осы сұрақтардың төңірегінде мәселе көтермекпіз.

— Бүгінгі таңда елдегі санитарлық жағдайға байланысты 1 қыркүйектен бастап оқу жылы  қашықтан оқу форматында басталады. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің ұсынысына сәйкес, бұл жерде екі ерекшелік бар. Біріншіден, шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер эпидемиялық ахуал жақсы болған жағдайда оқуды дәстүрлі түрде бастайды. Екіншіден, бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші негізінде қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады. Яғни, аудандағы 16 мектептің 14-і дәстүрлі түрде жаңа оқу жылын бастайтын болса, аудан орталығында орналасқан Л.Қылышев атындағы орта жалпы білім беретін мектеп және Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебінің оқушылары  қашықтан білім алатын болады. Айта кететін жағдай, қашықтан оқитын аудан орталығындағы мектеп бойынша ата-аналардың өтініштерін ескере отырып, 1-4 сыныптарда кезекші сыныптар жұмыс жасайтын болады. 1 сынып 1 мұғалім қағидасымен, негізгі оқу пәндерін оқыта отырып, оқу үдерісі ұйымдастырылады. Сыныптардың толымдығы 15 оқушыдан аспайды. Кезекші сыныптарға өтініштер қолжетімді байланыс құралдары арқылы электронды түрде қабылданады. Сонымен, алдын ала болжам бойынша интернет платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында 967 оқушы, кезекші сыныптарда (22 сынып) 285 бала, штаттық түрде ауылдарда 821 оқушы білім алады деп күтілуде.

Қашықтан оқытатын мектептеріміз «Bilim media group» ұсынып отырған «onlinemekteporg» платформасы бойынша оқыту үдерісін жүргізеді. Аталған платформамен жұмыс жасау мақсатында аудандық білім беру бөлімімен 23 шілде күні келісім-шарт жасалып, 410 мұғалім 100% «қашықтан оқытуды үйренемін» курсынан өтіп, 5 модуль бойынша білімдерін сынап, сертификаттарын алды,-дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Эльмира Тағаниязова.

Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта ауылдық жерлердегі шағын жинақты мектептерде оқитын оқушылардың мектеп қабырғасында дәстүрлі білім алуы әбден мүмкін көрінеді. Бұл енді көңіл қуантарлық жағдай. Себебі, интернетке қол жетімділігі жоқ, болғанның өзінде өте мардымсыз ауыл балаларын басты санитарлық талаптарды сақтай отырып оқытып, алтын ұя мектептерінде білім алуына жағдай жасалауы көңілге қонымды дүние. Бұл іске алдын ала дайындық мақсатында тиісті құрал-жабдықтар сатып алынып, тамыз айының 17-20 аралығында барлық білім беру ұйымдарына жеткізілетін көрінеді. Оның ішінде ғимараттың ішін залалсыздандыру үшін бактерицидтік шамдар, санитайзерлер, антисептик, маскалар, деохлор таблеткалары, дене қызуың өлшеуге арналған тепловизорлар да сақадай сай тұр. Оқыту барысында ғимаратты залалсыздандыру және ылғалды жуу жұмыстары көрсетілген талаптарды сақтай отырып жүргізілетін болады.

Ал енді, биылға ғана мектеп табалдырығын аттап, жаңа оқу жылына аяқ басқалы отырған 1-сынып оқушыларының жағдайы ата-аналарды қатты алаңдататыны айтпаса да түсінікті. Өткен жылы мектепалды даярлық сыныбын қашықтан аяқтап, одан үш ай жазғы демалысқа кеткен бүлдіршіндер жазу-сызуды ұмытып, оқуда қарайып қалмады ма екен. Олардың жағдайы не болмақ? Бұл сауалдың да жауабы табылғандай.

«Жалпы жаңа оқу жылында 2073 оқушымен бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 1-сыныпқа қабылданатын оқушылар саны – 235. Әрине, мектепке енді аяқ басып келгелі отырған балғын бүлдіршіндер үшін эпидемия жағдайында жаңа оқу жылын бастаудың өзі оңайға соқпасы айқын. Оның үстіне оқушы тәртібіне төселе қоймаған ойын баласы үшін қалыпқа қайта түсу біраз жұмысты қажет етеді. Осы орайда біз әріптестермен ақылдаса отырып, жазғы демалыс уақытында 1-ші сынып оқушыларына арнап тамыз айының басында санитарлық нормаларды сақтай отырып мектептерден кезекші сыныптар ашып, жаңа оқу жылына дайындық ретінде қысқа мерзімді курс ұйымдастырамыз ба деген жоспар болды. Онымен карантин шаралары республика көлемінде ұзартылуына байланысты қолға алған ісімізді кейінге шегеруге тура келді. Дегенмен, айдың аяғына таман елдегі жағдай қалпына түссе, тым болмағанда он күн оқушыларды қалам ұстап, жазу-сызуға дағлынандыруды, даярлық сыныптарында оқығандарын еске түсіріп, толықтыруды қолға алу мақсатында жоспарлаған ісімізді орындамақ ниетіміз бар. Ата-аналар мен оқушылар үшін қашықтан оқыту жағдайында әдістемелік қолдау көрсету де өте маңызды. Сондықтан тамыз айында балаларға және ата-аналарға «Үйде қалай оқу керек?», «Гигиена негіздері», «Кибермәдениет», «Интернет арқылы қалай оқу керек?», «Дене жаттығуларының маңызы» тақырыптарында бірыңғай сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары өткізілетін болады»,-дейді Эльмира Алпамысқызы.

Оқу жылы басталса жырға айналатын оқушырдың мектеп формасы да оң шешімін тауып отыр. Іргені бұзған індеттің кесірінен кей ата-аналардың жұмыстан қысқартылып, елде жан бағуы да ауырлай түскені жасырын емес. Осы олқылықты ескере отырып, мектеп оқушыларының мектеп формасын сақтау бойынша Білім және ғылым министрлігінің №26 бұйрығына елімізде орын алған жағдайға байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізіліліп отыр. Ағымдағы оқу жылында онлайн оқып немесе қайтадан бұрынғы қалпымызға түсіп, мектеп қабырғасында білім алатындай болсақ, оқушылардан ешкім мектеп формасын талап етпейтін болады. Яғни ата-аналардан 2020-2021 оқу жылында балаларының бірыңғай мектеп формасымен келуі міндеттелмейді. Егер бұрын алып қойған немесе аға-әпкелерінен қалған мектеп формасы болса оны киюге қарсылық жоқ.

 Әлі де жерлестер арасынан көп қолдауды, шұғыл шешімді қажет ететін маңызды мәселенің бар екендігі жасырын емес. Оны өзіңіз де сезіп-біліп отырған боларсыз. Бұл – мектеп  оқушыларының компьютерлермен қамтылуы.

Білім бөлімінің басшысының айтуы бойынша, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мектептерге компьютер сатып алу жұмысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда білім саласындағы үнемделген қаражат есебінен сәуір айында 40 компьютер, тамыз айында 35 компьютер сатып алынды. Аталған компьютерлер мектептерге жеткізіліп, мектептерден сәйкесінше әлеуметтік қорғалмаған отбасыларға, көп балалы отбасыларға тарату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда, тапшылық әлі де бар. Бүгінгі таңда аудан бойынша мектептердегі компьютерлерді үлестіріп бергеннің өзінде 38 отбасында 44 білім алушының компьютері жоқ. Тапшылық әсіресе көп балалы, аз қамтылған отбасыларда байқалып отыр.  Жалпы әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған «Мектепке жол» республикалық акциясын бұрынғыдай 1-2 ай емес, жыл бойы жүргізу жоспарлануда. Егер ауданымызда осындай санаттағы отбасыға қол ұшын созамыз, көмектесеміз деген жомарт жандар, кәсіпкерлер болса, бұл салада да қолдау қажет екендігін қаперге салғымыз келеді.

 «Өткен оқу жылын балаларымыз үйден оқып аяқтап еді. Ол кезде де сенімнен көңілдегі күмән басымырақ болған. Дегенмен, ұл-қыздарымыз көштен қалмай, бар күш-жігерін салып, оқуды аяқтап шықты. Кім-кімге де оңайға соқпағаны анық. Мұғалім де қиналды, оқушы да, тіпті өзіміз де біраз әбігерге түстік. Алда енді жаңа оқу жылы жақындап келеді. Мектеп ұжымымен тығыз байланыста отырмыз. Біздерге үздіксіз түсінік жұмыстарын жүргізіп, компьютер мен интернет желісіне қаншалықты қол жетімділігімізді сұрап, есебін жүргізіп жатыр. Сынып жетекшілерге, жалпы ұстаздар қауымына қайтадан қашықтан оқу жүйесінің оңайға түспей жатқаны белгілі. Дегенмен, қиналыс бәрімізде де бар. Бұл жағдай бір жақпен ғана шешіле қоймайтынын түсіндік қой. Қай салада да бірлік қажет. Жаңа оқу жылына да сол бірлігімізді бекемдеп, шама-шарқымыз жеткенше әзірленіп жатырмыз. Жақында қызыма оқуға пайдалануға деп ноутбук алып бердім, енді үйге интернет желісін өткізуді қолға алып жатырмын. Алдағысын тағы да көре жатармыз»,-дейді Л.Қылышев атындағы ОЖББМ-нің ата-анасы Күнсұлу Тайшанова.

Мектеп қабырғасын сағынып, мұғалімнің жылы жүзін аңсаған оқушыларда есеп жоқ. «Індеттің беті қайтты» дегенді естісе, мектепке жетуге өкшесі көтеріліп отырған шәкірт атаулының барлығы дерлік дәстүрлі оқу жүйесін сағынып-ақ жүр.

 «Мен биыл даярлық сыныбына барамын. Оқуды, жазуды үйреніп, алғашқы сыныптас достарыммен танысқым келеді. Оқу құралдарымды алып, сабаққа қажет дүниелерімді сайлап қойдым. Тезірек сабақ басталса екен. Мектепке барғым келеді»,-дейді білім ордасына енді ғана аяқ аттағалы отырған кіп-кішкентай Наргиза Мұратова.

Иә, балғын бүлдіршіндердің ақ тілегі қабыл болып, еліміз індетті ауыздықтап, бала-мектепте, ұстаз-сыныпта, ата-ана алаңсыз жұмыста болатын күн жақын болғай!

 

 Самат БАЙБОЛАТ