21.09.2020, 11:37
Қараулар: 48
Жаңашылдыққа жаны жақын тәрбиеші

Жаңашылдыққа жаны жақын тәрбиеші

Бала өміріміздің гүлі. Сол гүлді баптап, жетілдіретін қамқор бағбанның бірі – ата-ана және балабақша  тәрбиешісі. «Өз бақшасын сүйетін бағбанның ғана гүлдері жайқалып өседі» демекші, балаларға үйден де балабақша мен мектептен де жан-жақты тәрбие беру аса маңызды.

Әрқашан өз ісін жақсы біліп, балаларымызды тәлім-тәрбиемен сусындатқан тәрбиешілердің еңбектері ерекше деуге тұрарлық. Оның үстіне мынадай кезеңде жауапкершілік жүгі одан сайын артпады емес пе? Байқап жүргеніміздей  бүгінде тәрбиешінің жұмысы күн сайын күрделене түсуде. Дейтұрғанмен тәрбиешілердің  іскерліктері, төзім мен біліктілігі оларды одан сайын шыңдай түсуде. Осы бір қасиеттерімен көзге түсетін тәрбиешілердің бірі «Болашақ» бөбекжайының тәрбиешісі Әсел Садықова ата-аналардың ризашылығына бөленуде. Оның әркез ізденімпаздылығы, шеберлігі мен біліктілігі өз жұмысын жетілдіруіне ықпал етуде. Жаңалыққа, жаңашылдыққа жаны құмар тәрбиеші үнемі бала түгілі ата-аналарды таң қалдырудан бір танған емес. Ол балалар күнінде әр үйге барып құттықтап баршамызды қуантса, жақында бізді тағы таң қалдырды.

Балабақшаның «Аққайың» тобы атынан онлайн байқау ұйымдастырып, балалармен қоса ата-аналардың қызығушылығын оятты. Балалардың ой өрісін дамытуға арналған шара болса да онда көптеген сахналанған ертегілерді көруге, ұлттық болмысты дамытуға арналған тақырыптармен қамтылған екен. Әріптесі Әсем Саматқызымен біріге отырып, ұйымдастырған шарасы балаларды шат-шадыман қылды. Жеңімпаздарға дипломдар, түрлі ойыншық сыйлық ретінде тарту етілді. Сонымен қатар  аудандық саябақта «Квест»  спорттық  ойын шарасын өткізіп, балаларымызды біраз сергітті. Әрі оларға сыйлықтар таратты. Ал тілдер күні мерекесінде ол бөбектерді жинап, аудандық кітапханада және коворкинг орталығына экскурсияға апарған болатын. Баланың зейіні ашылып, санасы жан-жақты дамуына өзіндік үлес қосып жүрген осындай тәрбиешілер арамызда көп болса, нұр үстіне нұр дейміз!

Мәншүк Юсуп