23.05.2020, 11:56
Қараулар: 182
   Алынбайтын қамал жоқ деген әбден рас

   Алынбайтын қамал жоқ деген әбден рас

Елімізде де COVID-19-дың таралуына байланысты мектептерге қысқа мерзім ішінде қашықтан оқыту форматына көшуге тура келді. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл туралы: «Тек қана сынақ емес, үлкен мүмкіндік деп атады.-Білім беру жүйесі өзгереді,басқа жол жоқ. Мазмұнына да өзгерістер енгізу қажет. Нақты регламенттер мен стандарттардан гөрі неғұрлым икемді әрі жекеленген стандарттарға көшу керек. Қандай да бір тапсырманы орындағанда, біріншіден, халықаралық тәжірибеге сүйену қажет. Өзге елдердің қандай проблемаларға тап болғанын және оларды қалай жеңіп шыққанын зерттеу керек»,- деді.

Күнделікті сабақ беру үрдісіне үйреніп қалған ұстаздар мен кесте бойынша сабаққа дайындалып жүрген оқушылар үшін бұл тосын жаңалық болды. Қашықтан оқыту мен оқудың өзінің мәнісін түсініп, соған дағдылану да үлкен ізденісті, тіпті шыдамдылықты талап еткені шындық.Төртінші тоқсаннан басталған жаңа форматтағы оқу тәсілін мұғалімдер бұл күнде қаншалықты меңгерді, қандай қиындықтарға тап болды, оқушылардың сабаққа деген ынталары төмендеп кеткен жоқ па, әшейінде балаларын мұғалімдерге толық сеніп тапсырып жүрген ата-аналар әрекеті қандай болды? Осы сұрақтар көпті қызықтырғаны сөзсіз. Білім беру саласында жүрген мамандар осы кезең туралы не дейді, осыған назар аударсақ.

Ләззат Нұрмұханова, Шыңғырлау колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:- Барлық білім беру ұйымдары іспетті  Шыңғырлау колледжінде де 163 студент  қашықтан оқыту жүйесіне ауыстырылып, бүгінде Google classroom платформасы арқылы жұмыстануда. Қашықтан оқу жағдайында 1-2 курстың 98 студенті теориялық білім алса,  3 курстың 65 студенті дипломалды технологиялық практиканы теориялық түрде өтуде. Студенттер осы Google classroom платформадағы тапсырмаларды орындайды және оларды бағалау да осы жерде жүзеге асырылады. Мұнымен қоса «Zoom» платформасының,»Whatsapp», «Mail.ru»әлеуметтік желілерінің көмегімен сабақ беріледі.36 оқытушы құрамы дәрістер мен практикалық сабақтарды қашықтан жүргізуде. Күн сайын оқу кестесіне сәйкес 30-дан  астам дәріс,40-тан астам практикалық сабақ онлайн түрінде ұйымдастырылуда. Қашықтан оқыту жағдайында ата-аналар да, студенттер де барынша қолайлы режимде жұмыс істеу керек. Осыған байланысты, оқытудың жаңа формасына еш кедергісіз қолжетімділікті іске асыру үшін студенттердің ата-аналарына арналған ескертпе әзірленді. Ескертпеде  оқыту үдерісіне әрбір қатысушының барынша жауапкершілікпен қарау қажеттілігі атап өтілген, себебі, қашықтан білім беру бірден бірнеше әдісті қолдануға, оқуды дербестендіруге мүмкіндік беретін жүйе. Ата-аналар тарапынан бізге қолдау да, түсіністік таныту да болғандығын ерекше атап өткім келеді,- деп өз ойымен бөлісті. Осы тақырыпты одан әрмен қаузай отырып, қашықтан оқуды мектеп ұжымы қаншалықты меңгергендігі туралы сауалды Ащысай орта жалпы білім беретін мектебінің директоры Азамат Битенғалиевқа жолдадық.

-Алғашында «Төтенше жағдай кезінде мектептерде оқу процесі қалай ұйымдастырылады?» деген сұрақ білім саласында қызмет ететін мамандардың барлығын да толғандырғаны жасырын емес. Дегенмен, форс-мажорлық жағдайда білім беру саласында болып жатқан үдерістер бізге әлдеқайда пайдасын тигізді деп өз басым зор сеніммен айта аламын. Оған негіз де жоқ емес. Мәселен, қашықтан оқыту барысында мұғалімдер интернет пен бірқатар бағдарламаларды, түрлі платформаларды сауатты пайдаланып, білім беру саласында қолдануға дағдыланды. Білім және ғылым министрлігінің карантин кезіндегі басты ұстанымы-білім беру процесін тоқтатпау болатын. Бұл-басшылық тараптан жасалған батыл қадам. Осы тұста біз білім беру үдерісіндегі бұрын соңды болмаған жаңа формат, яғни, теледидар арқылы сабақ жүргізу әдісіне куә болдық. Ол қолжетімді және тиімді шешім болатын. Одан бөлек педагогтарға арнайы мамандандырылған интернет-платформалар да айрықша қолдау көрсеткені тағы бар.

Бүгінгі таңда аудан педагогтары ZOOM, WhatsApp, Kundelik.kz, т.б. интернет бағдарламалар арқылы оқушыларына пән бойынша тақырыптарды түсіндіріп, тапсырмалар орындатып, кері байланыс орнатып келеді. Бұл тұста ата-ананың үлкен қолдауын да ескермей кетуге болмайды. Міне, осындай қарқынды жұмыспен мұғалім, оқушы, ата-ана-үштік одақ болып, «Біз біргеміз» деген ұранмен оқу жылын да аяқтағалы жатырмыз. «Әр істің қайыры бар» деп отыратын қазақпыз ғой. Ел басына төнген қауіптің өзі біз үшін үлкен тәжірибе болды,-дейді мектеп басшысы.

Ұстаздар ұжымы көп жылғы тәжірибелері серік болып бұл сынақ кезеңде де сүрінбеуге тырысып бақты, ізденді, үйренді, пікір алмасты, жаңа әдісті мейлінше тез ұғуға күш салды. Әр күнгі өтілуге тиісті сабақ кестесінен қалуға болмайтындығы тағы бар, сондықтан да олар алдымен жинақылыққа, жұдырықтай жұмыла білуге тырысты. Осынау сынақ кезеңі дейтұрғанмен оқушыларға мұғалімдердің қадірін терең ұқтырған тәрізді. Әлеуметтік желілердегі әзіл-шыны аралас оқушылардың мектепті, ұстазды сағынғандары туралы тебіреніске толы жазбалары шындықтан алыс емес. Оны мұғалімдердің өздері де растап: «иә, оқушыларымыз бізді сағынып, жиі хабарласып жатады. Қашан мектепке барамыз, қашан өз сыныбымызда оқимыз деп сұрайды. Балалар мектебін, ұстаздарын, сыныбын, бір-бірлерімен сұхбаттасқан сәттерін сағынады. Оқып отырып толқисың. Қашықтан оқудың тиімді жақтары көп болғанымен, көзбе-көз сөйлесіп, жанды пікір алысуға әрине, ештеңе жетпейді»,-деседі.

Қашықтан оқыту өздерін осы кезге дейін аса бір жауапты сезінбеген қайсыбір ата-аналардың жүйкелеріне салмақ түсіргені де жасырын емес. Балаларымен үй тапсырмасын орындау барысында олардың да қиналып, кейде ашуға бой алдырып, ұстаздарды да мазалап жататын жағдайлар болмай қалып жатқан жоқ. Оған да бір жағынан реніш жоқ, өйткені ата-ананың бәрі бірдей білім саласаның маңайында жүрген жандар емес қой, қайсыбірі есепке жүйрік болса, қайсыбірі әдебиетке жақын, үшіншісі биологияны оңай түсінеді. Сол себепті де ата-аналарға да ренжу орынсыз деседі мұғалімдер. Ал, енді бір ата-аналар бала оқытудың қандай инемен құдық қазғандай ауыр екендігін мойындап мұғалімдерге алғыстарын жаудырып жатыр.

Айталық, ақтаулық Нұргүл Жақсылықова үйден оқыту туралы былай дейді: «Төртінші тоқсанды қашықтан оқу арқылы бастадық. Әрине, басында қобалжу болғанын жасыра алмаймыз. Балаларымыздың үй жағдайында білім алуына жағдай жасап, тәртіпке бағындыру да, сабақ тапсырмасын уақытылы орындап, тапсыруына да өзіміз жауапты болып отырмыз. Бұдан басқа басты мәселе тағы бар. Біздің ауылымызда ұялы байланыс жұмысы нашарлау. Интернет түгілі, байланысқа шығу мүмкін емес. Мұндай жағдайда балаларымыз қалай білім алмақшы деп алаңдадық. Дегенмен, оның да шешімі бар екен. Қазір балаларымызға мектеп әкімшілігі тағайындаған курьер қызмет етіп жатыр. Пән мұғалімдерімен сол курьер арқылы байланыста отырамыз. Әрине, сапалы білім беруде мектеп ұжымының еңбегі өте зор. Карантин жағдайында да білім беруді тоқтатпай, мүмкіндік жасап жатқандары алғысқа лайық. Менің ұсынысым-біз де өз тарапымыздан ата-аналар болып, қоғам болып ұстаздарымызға қолымыздан келгенше көмектессек. Бұл сынақтан да өтерміз. Мектеп табалдырығын аттап ұстаздармен жүздесетін күн де алыс болмас.

 Иә, ең бастысы осынау сынақ шақта ата-ана, мектеп, оқушы арасындағы байланыс, өзара түсіністік, ортақ мақсатқа деген ұмтылыс орын алғаны сүйінішті. Сабыр түбі-сары алтын демекші, ең бастысы оқушылар білімнен қол үзген жоқ, олар үшін бар мүмкін жағдай қарастырылды. Әрине, интернет байланысы, компьютер жетіспеушілігі сынды мәселелер болмай қалған жоқ, бірақ ол мәселені шешу жолдары да табылды.

Десек те, бұл індеттің күз айларында қайталап соғу қаупі барлығын сарапшылар ескертіп жатқанын да естен шығаруға болмайды. Ендеше, үйренген нәрсені одан әрмен бекітіп, ізденісті одан әрмен ұштап, алдымыз жаз деп арқаны кеңге салмай жетіспей тұрған оқу құралдарына қол жеткізіп, ұялы байланыс жүйесі жолға қойылса білім саласы қай қиындыққа да төтеп бере алатын мықты қамал құрып алары анық. Қай жағдайда да қандай қиындыққа да бейімделуге болады. Тек, індеттің бетін аулақ қылғай.

                                                                                                          Гүлшат ИБРАГИМҚЫЗЫ